Ғалымжан Пірматов: Биыл Қазақстан экономикасы аса жоғары белгісіздік жағдайында дамыды

Ғалымжан Пірматов: Биыл Қазақстан экономикасы аса жоғары белгісіздік жағдайында дамыды
Сурет: Kapital.kz.

Инфляциялық процестер күшейе түсті.

Үкіметтің кеңейтілген отырысында ҚР Ұлттық банкінің басқарма төрағасы Ғалымжан Пірматов инфляцияның артуына себеп болып отырған негізгі факторларға тоқталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Ақорданың баспасөз қызметіне  сілтеме жасап.

«2022 жылғы Қазақстанның экономикасы мен қаржы секторы бұрын-соңды болмаған өзгерістер мен аса жоғары белгісіздік жағдайында дамыды. Энергия, азық-түлік пен шикізат тауарларының әлемдік бағасының айтарлықтай өсуімен қатар тауар жеткізу жолдарының бұзылуы инфляциялық процестерді күшейте түсті», - деді Ғалымжан Пірматов.

Оның пайымынша, инфляциялық қысымның өсуі әлемдегі орталық банктердің ақша-кредит талаптарының тез әрі синхронды түрде қатаңдауын туындатқан.

«АҚШ федералдық резервтік жүйесінің мөлшерлемені агрессивті түрде көтеруі дамушы елдердің валюталарына қысым жасап, доллардың соңғы 20 жылдағы ең жоғары деңгейге нығаюына алып келді», - деді Ұлттық банк басшысы.

Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өтіп жатыр.

Жиын барысында еліміздің биылғы әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы есеп беріледі және Үкіметтің 2023 жылға арналған жұмыс жоспары қарастырылады деп жоспарланып отыр.