Патрульдік полицияның 7 инспекторы пара алды деген күдікке ілінді

Патрульдік полицияның 7 инспекторы пара алды деген күдікке ілінді
Сурет: Stan.kz

Алматы қаласы мен облысының патрульдік полиция инспекторлары пара алды деген күдікке ілінді.

Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі мәлімдеген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алматы облысы бойынша Cыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Алматы қаласы мен Алматы облысы бойынша патрульдік полицияның 7 қызметкеріне қатысты сотқа дейінгі тергеуді аяқтады.

«Олар бірнеше рет пара алды деп күдікке ілінді. Полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартпағаны үшін заңсыз ақшалай сыйақы алған. Сонымен қатар инспекторлар жолдарда іс жүзінде құқық бұзушылық жасамаған азаматтардың ақшасын алаяқтық жолмен иемденген», - деп жазылған хабарламада.

Қазіргі уақытта қылмыстық істің материалдары сотқа жолданды.

«Қылмыстық процестік кодексінің 201-бабына сәйкес тергеу мүддесіне орай өзге ақпарат жария етуге жатпайды. Сонымен бірге, Конституцияның 77-бабы 3-тармағының 1-тармақшасына және Қылмыстық-процестік Кодексінің 19-бабы 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әрбір адам кінәсіз деп есептеледі», - деп жазылған хабарламада.