Елде әрбір бесінші адамды аллергия әуреге салады

Елде әрбір бесінші адамды аллергия әуреге салады
Сурет: Informburo.kz

Аллергия кезеңі басталғалы дертке шалдыққандар саны көбейген. 

Күн жылығалы, маусымдық аллергия дерті өрши түсті. Дәрісіз жүре алмайтындар да көбейген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Аллергия дерті мазасын қашырған жандардың бірі - Қырмызы Зарықханова. Өзінің айтуынша, бұл дер өршіген кезде ұйқы қашып, өзін жайсыз сезінеді екен. 

«Осы кездерде маған көшеде шығып жүру өте қиынға соғады. Көшеге бір шығып келгеннен кейін де түнімен ұйықтау деген секілді үлкен мәселе туындатады. Себебі, былай айтқанда, ешқандай дәрісіз, препараттарсыз жүре алмаймын, өзімді жақсы сезіне алмаймын», - дейді студент Қырмызы Зарықханова. 

Мамандардың айтуынша, аллергия тұқым қуалайды. 70% жағдайда қан арқылы тарайды. Бірақ бұл дерт иммунитеті толық қалыптаспаған адамдардан да анықталып жатады. Әсіресе бала кезде антибиотиктік дәрілерді шамадан тыс тұтыну есейгенде осы аллергияға әкеледі.

«Поллиноз бірнеше синдромға бөлінеді. Риноконъюктивалды синдром көздің қышуы мен тыныс алу жолдарының бітелуі сияқты белгілер арқылы жүреді. Түшкіру, мұрын бітелу – барлық синдромның ішіндегі ең қауіпсізі. Ал бронхиальды обструкция – аллергияның ең қауіпті түрі. Ол кезде тыныс алу нашарлайды», - дейді аллерголог Розенсон Рафаил. 

Аллергияны қоздыратын фактор көп. Біз тұтынатын тағамдар мен көкеністердің де кері әсері бар. Сондықтан диетолог имундық дертке арналған гипоаллергенді диета ұстауға кеңес береді.  

«Тамақтар жайлы айтатын болсақ, ол қызыл түсті, тоқсары түсті, сары түсті  көп тұтынбауға кеңес беремін. Содан кейін сусындардың ішінде құрамында қанты көп бояуыштар, консерванттар бар, энергетикалық сусындар, міне, қазіргі кезеңде көп кофе ішіп жатады. Бұлардың барлығын тұтынбауға кеңес беремін», - дейді диетолог Гүлмира Ерболқызы. 

Тек тамақ емес, шаң-тозаң, қоршаған ортаның ластануы, тіпті күйзелістің өзі, осы аллергияға әкеліп соғады. Одан қорғану үшін ауызды ғана тыймай, киімге де мән беру керек.

«Барынша жабық киіну, бас киімдерді киюге кеңес беремін. Жаздың ең ыстық күндерінде екі қабатты фланелиден тігілген дымқыл маска кию керек. Күн суытып, жаңбырлар басталғанда поллиноздың маусымы аяқталады,  тамыздың 10-ынан 20-сына дейін – аллергияның өршіп тұратын мезгілі. Өсімдіктердің 187 түрінен 140 осы 10 күнде бірдей гүлдейді. Сондықтан да Қазақстандықтар үшін бұл мезгіл қолайсыздық тудырады», - дейді аллерголог Розенсон Рафаил.

Мамандардың айтуынша, аллергиядан құлантаза айығу қиын. Тек алдын алу керек. Ол үшін көктем келмей тұрып, қыс ішінде иммунитетті күшейткен жөн.