Отбасылық құпия

Отбасылық құпия
almaty-akshamy.kz

Жұбайлық жарасым әліппесі


Бірін-бірі сүйетін ерлі-зайыптылардың бақытына көлеңке түсіретін ештеңе жоқ сияқты болып көрінетіні рас. Бірақ шындығында олай емес екен. Мысалы, мен жай бір әңгімеден кейін тас-талқан бүлініп, сол мезетте ажырасқан бір жұпты білемін. Сонда ол не әңгіме дейсіз ғой? Емен-жарқын сөйлесіп отырып әйелі талай жыл бұрын әлдебір адаммен жақын қарым-қатынаста болғанын айтқан. Бұған қатты шамданған отағасы әйелін тап қазір біреумен төсекте ұстап алғандай күйіп-пісіп, ренжіген. Жұбайының «жай қалжыңдадым» деген ешбір ақталуы оған әсер ете алмаған. Мұны неге айтып отырмыз?

 

  • Екеудің құпиясы – ерекше құпия

Жақын адамыңа өз құпияңды аша отырып, солай істеудің қажеті бар ма, жоқ па, соған анық көз жеткізіп алуың керек. Егер де психологтар немесе әлеуметтанушылар ажырасудың себептерін ашып көрсетер болса, бұл құбылыстың жалпыға түсінікті сыртқы себептерімен қатар, бір қарағанда аса байқала қоймайтын басқа да жайттардың барын аңғарар еді. Мысалы, некелік одақты нығайтумен қатар, оны бұзатын да ерлі-зайыптылық құпиялар болуы мүмкін. Махаббаттың әйнектей нәзік әлемінде өмір кеше отырып, біз сол әлемді сырттан бүлдіруші жағымсыз әсерлерден әрдайым қорғауымыз керектігін ұмытпауға тиіспіз. Екеудің құпиясы – ерекше құпия. Оны басқаға жайып салуға, әшкере етуге болмайды.

 

  • Біз бір-бірімізді не үшін сүйеміз?

Шынымен де не үшін? Біреулерге бұл сұрақ біртүрлі қызық, тіпті ойдан шығарылған нәрсе болып көрінуі мүмкін. «Не үшіні» қалай? Махаббатты түгелдей өлшеп-пішіп, бір нәрсені кесіп айтуға бола ма? Бір қызығы, бәрін қолмен қойғандай ғып анықтап алуға болады. Ал біз бір-бірімізді жанымызға жайлылық  сыйлағанымыз, жылы қарым-қатынаста болып, қолұшын созғанымыз үшін сүйеміз. Психологтар да махаббатты «өзара жақсы қарым-қатынастың нәтижесі» деп есептейді. Бұл – сиқырланған шеңбер іспетті. Сенімге негізделген жылы қарым-қатынастан махаббат туындайды. Бірақ махаббат та жылы әрі сенімді қарым-қатынастың бастауы бола алады. Есіңізге түсіріңізші... Стендаль айтпақшы, өзара махаббаттарыңыз қалай «кристалданды»? Ой-пікірдің үйлесіп, көзқарастың сәйкес келуі – әңгіменің негізгі тақырыбы. Міне, ұлы мәртебелі сезім дегеніміздің өзі де осы. Әркім өзінің жеке өміріне де кеңістік қалдыра отырып, осы ұлы сезімді қалай сақтап қала алады? Жұбайымызға құпиямызды аша отырып, өзіміздің ішкі әлемімізді, өзіндік «менімізді» қаншалықты сақтап қала аламыз?

 

  • Өтірік айту әдетке айналуы мүмкін

Ерлі-зайыптылық қарым-қатынасты қалай түзуді түсіну мен рухани тұрғыда өсуге уақыт қажет. Сол екі аралықта ерлі-зайыптылардың әрқайсысы мінез-құлықтың өзіндік схемасын іздейді және қалыптастырады. Жүрегінің түбінде өз құпиясын сақтап қала отырып, өзгенің құпиясына қалай реакция жасауды, міне, осы схема анықтайды. Өзіңіз ойлап көріңізші, күйеуі әйелінің, әйелі күйеуінің көзіне шөп салатын отбасыларда қандай құпия жөнінде әңгіме болмақ? Тіпті ерлі-зайыптылар екіжақты өмірін жасырған күнде де оларды бір-бірін сүйеді деу бекер. Алғаш кездесе бастағаннан-ақ қарым-қатынасты шынайылыққа негіздеу өте маңызды. Отбасылық қарым-қатынас та кейіннен осы осы іргетасқа сүйенетін болады. Бір рет өтірік айтсаң, артынша тағы өтірік айтасың деген сөз. Бойдақ кездегі әдеттер некеге тұрғаннан кейінгі уақытта да қалмауы мүмкін. Сүйіктіңіздің өзіңізге қалай қарағанын қаласаңыз, өзіңіз де оған солай қараңыз.

 

  • Әркімнің де бірінші болғысы келеді

«Сүйген адамымызға өзіміздің өткен өміріміздің шындығын айтқанымыз қаншалықты дұрыс» деген сұрақ ерлі-зайыптылардың көпшілігін мазалайды. Психологтар бұл орайда «бәрін айтуға өзіңізді міндетті санамағаныңыз абзал» деген кеңес береді. Егер де сүйіктіңіздің сізді тап осы қалпыңызда қабылдай алатынына сенімді болсаңыз, махаббатыңызға көлеңке түсірерліктей ештеңе жоқ. Алайда өткен өміріңіздің егжей-тегжейін ақтара бастасаңыз, ондағы әлдебір жағдайлар мен оқиғалар жарыңызды сіздің адалдығыңызға күмандануға итермелеуі ықтимал. Сондықтан қашанда әдептілік сақтап, сүйікті адамыңыздың жанын ауыртпауға тырысқаныңыз жөн. Дегенмен құпияны іште сақтау көп жағдайда адамды азапқа түсіретіні де рас. Ондай болса, өзіңізді іштей мүжіп жүрген жайтты жасырмай айтыңыз. Тек тігісін жатқызып, көңіліне ауыр тимейтіндей етіп жеткізуге күш салыңыз. Сөзбен адам жанын қатты жаралаудың оңай екенін ұмытпаңыз. Әлбетте, жұбайыңыздың түсінбей қалуы да мүмкін, сондықтан оған да дайын болыңыз. Өйткені сүйген адам мейлінше өзімшіл болып келеді.

Бір анығы, әркімнің жеке ішкі әлемі бар және оған ең жақын адамыңыздың да килігуіне болмайды. Бұл – бір жағынан адамның өзімен-өзі, оңаша қалғысы келетініне пара-пар нәрсе. Ардың тазалығы – ерлі-зайыптылық өмірдің бастапқы кезеңінде де, одан кейінгі уақытта да өте маңызды. Егер екі адамның да бір-бірінің алдында ары таза болса, бірге өмір сүруі жеңіл болады. Ал олай болмаса, бірге тұрудың не керегі бар?..

 

  • Екіұшты әңгіме айтпаңыз

Бір-бірін шын сүйетін жандар өткінші қызыққа, еліктіргіш сәттерге бой алдырмайды. Отбасылық өмірдің берік негізі – өзара сенім. Ал сенімнен айырылудың соңы жақсылыққа апармайды. Әдетте ер адамға болар-болмас нәрселерді, екіұшты жайттарды айту – мағынасыз. Мысалы, сізге бастығыңыз жылы көзбен қарады, әріптесіңіз іштартып сөйледі делік. Ер адамның ой-қиялы шексіз. Ол болар-болмас осы жайтты ары қарай өзінше дамытып әкетуі әбден мүмкін. Сөйтіп, тергеп-тексеріп, кінәлай бастайды. Мұның соңы дау-жанжалға ұласады және түрлі жағдайлардың орын алуы ықтимал. Сол сияқты, ешкімге тіс жарып айтуға болмайтын ортақ құпиялар да болатынын ұмытпаңыз.

(Ғаламтор материалдары бойынша әзірленді)