Отандық екі фильм Ташкент кинофестивалінде жүлделі орындарға ие болды

Отандық екі фильм Ташкент кинофестивалінде жүлделі орындарға ие болды
Суреттер: Ұлттық киноны қолдау орталығы

Самарқандта мерейтойлық XV Ташкент халықаралық «Жібек жолының інжу-маржаны» кинофестивалі аяқталды.

Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының көмегімен түсірілген Дархан Төлегеновтың «Ағайынды» және Әділхан Ержановтың «Адемоканы оқыту» фильмдері «Үздік режиссер» және «Қазылар алқасының арнайы жүлдесі» номинацияларында жүлделі орындарға ие болды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Фестивальде «Ағайынды» фильмінің атынан қатысқан продюсер Максим Акбаров «Дала» атты өзінің режиссерлік фильмі үшін «Үздік дебют» номинациясында жеңіске жетті. Жеңімпазға сыйлықты атақты америкалық актер, «Оскар» сыйлығының екі дүркін иегері Кевин Спейсидің өзі табыс етті.

Ал фестивальдің бас жүлдесі «Үздік фильм» номинациясында өзбекстандық режиссер Шокир Холиковтың «Жексенбі» фильміне бұйырды.

XV Ташкент халықаралық кинофестивалі 29 қыркүйек пен 2 қазан аралығында өтті. Оған 52 елден 300-ден астам киногерлер қатысты. Кинофестиваль аясында көрермендер 60 көркем, деректі және қысқаметражды фильмдерді тамашалай алды.

Фестиваль қонақтары арасында жоғарыда аталған Кевин Спейсиден басқа француз киносының жұлдыздары – «Такси» фильмінің актерлері Фредерик Дифенталь мен Сами Насери, атақты поляк режиссері Кшиштоф Занусси, серб режиссері Эмир Кустурица және тағы басқалар болды.