"Ордабасы" алғаш рет чемпион атанды

"Ордабасы" алғаш рет чемпион атанды
Сурет: ашық дерекөз

Футболдан премьер-лига командалары арасындағы ел біріншілігінің 25-турында «Ордабасы» «Шахтерді» жеңіп, өз тарихында алғаш рет чемпион атанды, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz.

Биылғы біріншіліктің чемпиондық тағдыры «Ордабасы» (Шымкент) мен «Шахтёрдің» (Қарағанды) кездесуінде шешілді. Бұл ойында шымкенттік клуб кем дегенде тең түссе, бір тур бұрын чемпион атанатын еді.

Алғашқы минуттан шымкенттік клуб ойынды белсенді бастады. Нәтижесінде Айбар Жақсылықов – 4, Шахбоз Умаро – 12, Артем Беседин 27-минутта үш гол соғып үлгерді.

Оған «Шахтёр» сапынан Темур Чогадзе 47-минутта бір голмен жауап қайырды.

Осылайша «Ордабасы» қарсыласынан 3:1 есебімен басым түсті.  

Айта кетейік, бүгін «Оқжетпес» пен «Ақтөбе» 1:1 есебіне қанағат білдірсе, «Қайсар» «Атырауды» 1:0 есебімен тізе бүктірді.

Сондай-ақ 21 қазанда «Мақтаарал» «Қызылжардан», «Астана» «Атыраудан» 2:1, «Қайрат» «Ақсудан» 4:1 есебімен басым түссе, «Тобыл» мен «Каспий» 1:1 есебімен тең тарқасты. 

Қазірге дейін ел чемпионы атағына барлығы 10 команда қол жеткізді. Олардың арасынан елордалық «Астана» 7 мәрте жеңімпаз тұғырына көтерілсе, Павлодардың «Ертіс» және «Ақтөбе» – 5, алматылық «Қайрат», семейлік «Елімай», елордалық «Жеңіс» – 3, Қостанайдың «Тобылы» мен Қарағандының «Шахтері» – 2, «Тараз» 1 мәрте алтын медаль алды.

«Ордабасы» алғаш рет чемпион атанды. Шымкенттік клуб бұған дейін 2017, 2019 жылдарда қола жүлдеге қол жеткізді