Өмір мен өнер - егіз ұғым

Өмір мен өнер - егіз ұғым
Сурет: ашық дереккөз

Цирк – мәдениеттің айнасы. Онда барып бір демалып, жасап қалғанға не жетсін. Қол тисе, бір сәт күйбең тіршіліктен бас тартқан абзал. Әйтпесе, жұмыс пен үйдің ортасында бар ғұмырыңыз өтіп кетеді. Бір мезгіл өзіңізге көңіл бөліңіз!

 Әрбір өнер иесіне құдіретті күш керек. Оны қарапайым адам істей алмайды. Соның ішінде циркте өнер көрсету оңай шаруа емес. Әрқашан дайындық мықты болып, өз-өзіңді шыңдап отыру шарт. Осы өнердің қыр-сырын жұртшылыққа жеткізу де ләзім. Сол мақсатпен Алматы циркінің баспалдақтағы эквелибр және қос діңгектегі гимнасттар нөмірінің жетекшісі, өнерпаз Әділет ТИКАНОВПЕН әңгімелескен болатынбыз.

Цирк өнеріне қызығушылық неден басталды?

Мен 2008 жылдан осы цирктің әртісімін. Тәуелсіздік құрдасымын. Өз саламды жақсы көремін. Мың тәубе! Көптеген фестивальдерге қатыстық. Шетелде де болдық. Бас жүлде, алтын, күміс, қола бәрі-бәрі қоржында бар. Бұл өнерге «Ямакаси» деген фильм әсер етті. Сол фильмде көше спорты, өз-өздерін жетілдіру, адамдарға көмектесу сияқты бірқатар сюжет қамтылған. Содан қызығушылық басталды. Сосын «брейк-данс» биледім. Осының баршасы мектептен басталды. Шамамен 7-8-сыныптар кезі болатын. 10-сыныптан кейін Ж.Елебеков атындағы Алматы эстрада-цирк өнері колледжіне оқуға түстім.

Мені нағашым тәрбиеледі. Ол кісі әскери адам болатын. Қазір зейнетте. Нағашым оқуға түспес бұрын әскери қызметкер болуымды қалады. Сөйтіп, жүріп сыныптасымның цирк оқуына түскенін көрдім, қызықтым. Сонда Ержан Қоңырбаев дейтін ұстаздан тәлім алдық.

Бұл салаға күш-қуатпен қатар рухани дайындық керек шығар. Қалай ойлайсыз?

Әлбетте! Бұған дайындықпен қатар, қарым-қабілет қажет. Спорт та керек. Жалпы, барлық жағынан әзір болған абзал. Біз көшеде де жүгіріп, секіріп, барлық спорт түрлеріне қатынастық. Бірақ мұнда бір тәсілді меңгеру оңай емес. Ұдайы өсіп отыру шарт. Ұстазымыз осының бәріне дайындады. Рекорд жасауға тырыс дейтін.

Бізде цирк саласы қатты дамымаған. Астана, Алматы, Шымкент, Қарағандыда ғана цирк бар. Жаңағы айтылған бір ғана колледжде маман дайындайды. Біздің уақытта 14 грант болатын, қазір азайған. 4 жыл уақытың кетеді. Одан кейін жұмысқа орналасу өте қиын. Жыл сайын қаншама студент бітіреді, оның барлығы жұмысқа тұру қажет. Ал ол жағы әлі күнге дейін қарастырылмаған.

Көршілес Ресейде акробаттар 15 жыл қызмет істейді. Одан соң зейнетке кетеді. Өйткені, мұның іс-қимылы кеншімен тең. Студент кезінен бастап келеді, түрлі жарақат алады. Оның бәрі денсаулыққа әсер етеді. Пандемия уақытында 10 күн ауырдым. Егер тұмауратып ауырсам, моншаға барып, терлеп, жаттығу жасап кетіретінмін. Сөйтіп жүрек те мәселе болғанын білмеппін.

Біз де кәсіби спортшы болып есептелеміз. Күнде-күнде әртүрлі жаттығулар жасаймыз. 3 күн жаттықпасаңыз, дене икемге келмей қалғандай сезіледі. Сондықтан әрқашан өзімізді шыңдап жүреміз.

Шетелдегі цирк өнерпаздарынан бізде айырмашылық бар ма?

– Ең алғаш 2012 жылы Францияға бардық. Сол жақта 2 жыл тұрдым, жұмыс істедім. Еуропаны бірінші рет көруім, тіл білмеймін. Былайша айтқанда, ауылдың қарадомалақ баласы едік. Менталитеті таңсық болды. Бәрі қызық болды. Монте-Карлода үлкен фестиваль өтті. Сонда жұбайымыз екеуміз бас жүлдені ұтып алдық.

Франция дамыған ел. Ең бірінші кезекте әртістерге көңіл бөледі. Ең мықтыларды алады. Барлық жағдайды жасайды. Біз де өз өнерімізді әлемдік деңгейге көтеруіміз керек.

Бар нәрсе әлеуметтік жағдайға тіреледі. Таныстарымыздың көбі сыртқа кетті. Оңтүстік Корея мен Америкаға кетті. Өзіне бизнес ашты, әртүрлі істерді атқарып өмір сүріп жүргендер көп. Неліктен деп сұрайсыз? Олар болса «мен отбасымды қайтіп бағамын?» дейді. Өнеріміз өркендесін десек, өнерпаздарға бар жағдайды жасау қажет.

Әлеуметтік желіде жануарлардың ырыққа бағынбай кеткенін көріп қаламыз. Бұл тұрғыда жұрттың бәрі ала-құла ойлайды. Сіз не дейсіз?

– Менің циркте жұмыс істеп жүріп байқағаным, мұндағы жан-жануарлардың өмірі кейбір кісілерден жақсы ма деп қаламын. Оларды жуындырады, қарайды, бағады. Тамағы, тырнағы, витамині бақылауда. Жануарлармен жұмыс істейтін әртіс өзінен жақсы қарайды. Жайдарбек ағамыз – жылқылармен, Вася көкей – аюлармен жұмыс істейді. Мен осы жануарлардың күтіміне қарап, зорлық-зомбылық көреді деп айтпас едім.

Ал әлеуметтік желідегі видеоларға келейін. Жануарлардың адамға шабуылдағанын жай ғана оқиға деп қарар едік. Мақұлық болса да олардың да өз психикасы бар. Көшеде де екі адам шекісіп қалады. Сол сияқты, өмірдегі жағдай деп қоя салу керек.

Қандай рекордтық тәсіл жасадыңыз?

– Біз де Қажымұқан атамыздың ұрпағы болып келеміз. Маңдайыма екі адам қоямын. Өзім – 80 келі. Әлгі екі адам салмағы – 165 келі. Сөйтіп, баспалдақтан өтемін. Жалпы сондай біршама рекордтық тәсілдерім бар.

Ал менің ағайым тағы бір адам қой дейді. Өйткені, олар кеңестік кезде өзін аямаған. Барынша талпынған. Сөйтіп барып, өз-өзін дүйім жұртқа дәлелдеген. Жұбайымыз екеуміз түрлі әдіс-тәсілдер арқылы өнер көрсетеміз. Ал егер ол басқа біреумен өнер көрсетсе, оқыста құлатып ала ма екен деп уайымдаушы едім. Өзім жас болғаныммен, цирк әлемінде бірқатар дүниені игердім.

Бұл өнер қанмен келген нәрсе ме?

– Әулетімізде бұған қатысы бар жандар жоқ. Анам бәйгеде шапқан. Қыз қууда бәрін ұтқан. Біз Кереку тумасымыз. Ауылға барсам, анамның жас күнінде мықты болғанын айтады. Сол кісіден дарыған болар.

Шәкірт тәрбиелеп жүрсіз ғой деймін...

– Иә, 7 шәкіртім бар. Олар да әлемді аралап келе жатыр. 18 жастан баулыдық. Мектеп жасындағы бір шәртім келіп қосылды. Гимнаст-акробат болуға үйретіп жүрміз. 35 жасқа дейін жұмыс істеу ойда бар. Бұл саланың қыр-сырын сол жігіттерге үйретіп, бойларына сіңіріп кетемін. Арғы қарайғы өмірді көреміз. Шетел күтіп тұр. Шетелге де керекпіз ғой. Мүмкін қайтып оралармыз. Оның баршасы сырт жақтағы тіршілікке байланысты. Бәрін уақыт көрсетеді.

Көп рахмет!