Олигополиямен күрес

Олигополиямен күрес
relocate-uae.com

Мемлекеттік активтерді қайтаруға заңды негіз пайда болды

Өткен жылы Қасым-Жомарт Тоқаев олигополиямен күресті бастады. Оған да себеп жеткілікті. Сарапшылардың есептеуінше, соңғы 25 жылда елден заңсыз түрде 140–160 млрд АҚШ доллары көлемінде мемлекеттік активтер шығарылған. Сырт көзге түсінікті болу үшін мұны мемлекеттің ішкі жалпы өнімімен салыстыруға болады. Еліміздің өткен жылғы ішкі жалпы өнімі 200 млрд АҚШ долларынан асып түсті. Бұдан тұтас елдің бір жылдық табысының үштен екі бөлегі заңсыз сыртқа шығарылған деп қорытынды жасауға болады. Ал бұл көрсеткіш бойынша біз посткеңестік кеңістікте тек Ресей мен Украинаға есе жіберіп отырмыз. Ал қалған елдерден бір бас жоғарымыз.

Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару басталғанымен бұл процестің ұзақ жылға созылатынын ескерген жөн.

Мемлекет активтерді қайтаруға білек сыбана кірісті

Мемлекет басшысы 2022 жылдың 26 қыркүйегінде «Заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару жөніндегі шаралар туралы» қаулыға қол қойып еді. Бұл жұмысты Бас прокуратура, Ұлттық банк, ҰҚК, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл, қаржы мониторингі Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттіктері мен «Самұрық-Қазына» АҚ бірлесіп жүзеге асырады.

Осыдан бірер апта бұрын, 12 шілдеде ұзақ талқылаудан кейін Президент аталмыш заңға қол қойды. Осылайша олигополиямен күреске заңды негіз пайда болды.

Заңды әзірлеу мен қабылдау процесі ұзаққа созылды. Себебі, мұндай мемлекеттік маңызды заңды қабылдауда барлық тәуекелдерді ескеру қажет. Сондықтан оны қабылдағанға дейін өзгерістермен толықтырулар енгізілді. Оны жүзеге асыруда басты жауапкершілік Мәжіліс пен Бас прокуратурада.

Осы заң Мәжілістің VIII шақырылымының негізгі жетістіктерінің бірі болды. Заң жобасын Аmanat партиясының мүшелері А.Аймағамбетов, М.Башимов, Е.Бейсенбаев, Е.Саиров, А.Сарым, Н.Сәрсенғалиев, М.Такиев, С.Имашева және «Ақ жол» партиясының мүшесі Д.Еспаева, сондай-ақ, бір мандатты депутат А.Құспан әзірледі.

Осы шақырылымның бірінші сессиясының жұмысы бойынша қорытынды құжатта аталмыш заңды әзірлеу мен қабылдау барысында депутаттар арасында қызу талқы болғандығы жазылған. Халық қалаулылары активтерді елге қайтаруға жауапты прокуратураның құзыретін анықтау, заңның орындалуына сырттай бақылау жасайтын комиссияның құрамы мен тізімін жасақтау тәртібіне қатысты сұрақтарды ерекше пысықтаған. Себебі, мұнда да тепе-теңдің тежемелілік қағидасы қажет. Дана халқымыз «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» деген. Сондықтан қалың елге қажет маңызды активтерді қайтаруда бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарған дұрыс.

Сондай-ақ, депутаттар заңдағы «негізсіз байлық» (пайда болуы түсініксіз активтер) ұғымын нақтылауға баса назар аударған. Шынымен де, прокуратура кімнің байлығын «негізсіз» иеленді деп тануы керек деген сұрақ маңызды. Және де оны қалай анықтайды. Бұл да маңызды.

Тағы бір басты сұрақ бар. Бұл заң кімдерге қолданылады? Заңды әзірлеуге қатысқан депутаттар бұл тізімге шетел азаматтарын, азаматтығы жоқ адамдарды, Қазақстан Республикасының шегінен тыс жерде тіркелген заңды тұлғалар және заңды тұлғаға жатпайтын шетелдік құрылымдарды да қосу туралы бастама көтерді. Шынында да, маңызды бастамалар. Себебі, заңсыз шығарылған активтерді иемденген олигополия мүшелері еліміздің азаматы болмауы да мүмкін. Бұл жағдайда өзге елдің мемлекеттік құрылымдарымен бірлесе жұмыс істеуге тура келеді. Ал активтерді қайтарудың тек ерікті емес, мәжбүрлі түрде жүзеге асатынын ескерсек, бұл процесс ұзаққа созылуы мүмкін. Оған көрші елдегі Ислам Каримовтың қызы Гүлнар Каримованың ісі дәлел бола алады.

Гүлнар Каримованың ісі  әлі біткен жоқ

2016 жылы Өзбекстанның тұңғыш президенті Ислам Каримов кенеттен қайтыс болды. Билікке премьер-министр Шавкат Мирзиёев келді. Одан кейін көп ұзамай елдегі олигополиямен күрес басталды. Оның жарқын мысалы бұрынғы президенттің қызы Гүлнар Каримоваға қатысты қылмыстық іс.

Гүлнар Каримоваға қарсы қылмыстық іс оның әкесі тірі кезде басталған. Алғашқы іс 2013 жылы ашылып, 2015 жылы 5 жылға бас бостандығынан айырылған. Оған «Terra Group», «Prime Media», «Gamma Promotion» сияқты жеке компаниялардың салықтан жа лт аруына қатысы бар деген айып тағылады. Бірақ мұнымен қылмыстық іс тоқтамаған. Сол кезде Өзбекстанның Бас прокуратурасы 12 елде активтері бар деп мәлімдеген. Олар 1 млрд 390 млн-нан астам АҚШ долларын құрайды.

2017 жылы Шавкат Мирзиёев президент болған тұста оның үстінен тағы қылмыстық іс қозғалып, 10 жылға бас бостандығынан айырылды. Бірақ 2019 жылы сот жазаны 5 жыл мерзімге алмастырды. Ал 2020 жылы Ташкент қалалық соты оны қайтадан 13 жылға бас бостандығынан айырды.

Дегенмен, Г.Каримованың шетелдегі заңсыз активтерін мемлекетке қайтару туралы әрекет одан әлдеқайда алдын басталған. Нақтырақ айтатын болсақ, 2010 жылдары. Оның активтерін қайтару проце сі Еуропа елдерінен басталды. 2012 жылдың шілдесінде Швейцарияда ақшаны сыртқа заңсыз шығару бойынша іс қозғалды. Одан кейін осыған ұқсас істер Швеция мен Францияда басталды.

Бұл іс әлі ұзаққа созылатын түрі бар. Оған активтердің қай елде сақталғаны да әсер етеді. Себебі, Ресейдегі Гүлнар Каримоваға тиесілі жылжымайтын мүліктерді мемлекетке қайтару процесі ұзаққа созылмады. 2020 жылы Мәскеу қалалық соты Г.Каримоваға қатысты істі заңды деп танып, оған тиесілі 6 пәтерді Өзбекстан мүддесіне сай тәркілеуге шешім шығарды. Алайда, пәтерлерді сатқаннан түскен қаражатты Ресей мен Өзбекстан тарапы бөлісіп алады. Бұл туралы өткен жылы Өзбекстанның Әділет минист рлігі өкілі мәлімдеген. Бұл посткеңестік кеңістікте қылмыстық процестің саясиланғанын білдіреді. Ал Еуропа мен АҚШ-тағы активтермен жағдай өзгеше. Себебі, Швейцарияда бұл процесс әлі күнге дейін өтуде.


"Аlmaty-akshamу" №89, 27 шілде, 2023 жыл