О. Бектеновтың бір жұмасы: «Ақылды қаталдық» нәтиже бере ме?

О. Бектеновтың бір жұмасы: «Ақылды қаталдық» нәтиже бере ме?
primeminister.kz

Олжас Бектенов премьер-министр лауазымында қызметке кіріскеніне бір жұма өтті. 6 ақпанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны атқарушы органның басшы етіп тағайындаған еді. Бір апта аз уақыт болғанымен де, оның алғашқы қадамдарынан ақ ой түюге болады.

Олжас Бектеновтың басқару стилін «ақылды қаталдық» деп сипаттауға болады. «Жұмсақ авторитаризм» және «либералды» басқару элементтерін орнымен қолданады.

Көп сөзімен емес, ісімен өз жұмысын көрсетуге бейім. Сондықтан авторитарлы жабықтық байқалады. Небәрі бір жұманың ішінде Олжас Бектеновтың басшылығымен Үкіметте 3 жиналыс өтті. 6 ақпанда жаңа министрлерді таныстырды. Онда жаңа кабмин басшысы:

«Формализмсыз, бюрократиясыз және қажетсіз жиындарсыз белсенді жұмыс. Аз сөйлеп, көп іс тындыру керек», - деп мәлімдеме жасады.

9 ақпанда  Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев берген тапсырмаларды іске асыру мәселелері жөнінде кеңес өткізді. Онда О. Бектенов:

«Жұмыс қарқыны жоғары, ал талап қатаң болады», - деп Үкімет алдындағы негізгі міндеттерді белгілеп берді. Ас сөйлеп, көп іс тындыру және үкімет мүшелерінен талаптың қатаң болатыны «жұмсақ авторитарлы» басқару стилінің элементтері.

Бүгін жаңартылған Үкіметтің бірінші отырысында биыл қаңтардағы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен республикалық бюджеттің атқарылу мәселелері талқыланды. Бұл жолы авторитарлы мәлімдемелер жасалған жоқ.

Бұдан бөлек «жұмсақ авторитаризмнен» қатар «либералды» басқару белгілері көрінді. Жаңа кабмин басшысы қолындағы билікті бөлісіп отыр. Яғни, көрпені өзіне тартып жауапкершілікті өз мойнына алып жатқан жоқ. Ең алдымен билігін орынбасарларымен бөлісуде. Үкіметтің деңгейінде бір аптада 7 жиналыс өтсе, оның 4-еуіне орынбасарлары төрағалық еткен. Бірінші орынбасар Роман Скляр және вице премьер Серік Жұманғариннің төрағалығымен бір-бірден жиналыс өтсе, Тамара Дүйсенованың басшылығымен 2 жиналыс өтті.

Билікті бөлісу тек Үкіметте ғана емес, Үкімет пен жергілікті әкімдіктер арасында да өтуде. Мысалы, Алматыда болған қайғылы лай көшкініне байланысты болған кейсте қала әкімдігінің ісіне тікелей араласқан жоқ. Ескі Үкімет болғанда орталықтан бір шенеунік міндетті түрде Алматыға келер еді.

Бұл қадамдар мен шешімдердің бәрі жаңа кабмин басшысының «ақылды қаталдық» басқару стилін қолданып жатқанын көрсетеді. Оның қандай нәтиже көрсететіні биылғы жыл қорытындысы бойынша белгілі болмақ. 2029 жылға қарай экономикалық өсім 450 млрд долларға жетуі үшін жылда кемінде 6% өсім болуы қажет екенін ескерген жөн.