Нұрсұлтан БЕКҚАЙРОВ, Jas Otan жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы: «AMANAT» – халық мұрасын сақтаушы партия

Нұрсұлтан БЕКҚАЙРОВ, Jas Otan жастар қанаты Алматы қалалық филиалының төрағасы: «AMANAT» – халық мұрасын сақтаушы партия
almaty-akshamy.kz

Бүгін партиямыздың кезектен тыс ХХІІ съезі онлайн форматта өтті.  Сонымен қатар бүгін - партия күні. Дәл осы күнге орайластырылған бүгінгі жиынның партия тарихындағы орны өте ерекше болды.

Партия Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың партияны модернизациялау бойынша берген тапсырмасы аясында дайындалған бағдарлама талқыланды және оны съезд делегаттары бірауыздан мақұлдады.

Осыған орай Парламент Мәжілісіндегі Nur Otan партиясы фракциясының төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов партия атауын AMANAT деп өзгерту туралы ұсыныс білдірді. Мемлекет басшысы бұл ұсынысқа қолдау білдірді, партияның жаңа атауын съезд делегаттары да бірауыздан қолдады.  

Бұл – Жаңа Қазақстанды құру жолында жаңарған партиямызға берілген айрықша жауапкершілік пен көрсетілген зор сенім деп білемін.

«AMANAT» – халық мұрасын сақтаушы партия. Тамыры терең тарихымыз, мәдениетіміз бен әдебиетіміз, тіліміз бен салт-дәстүріміз – Тәуелсіз Қазақстанның барша азаматтарының мұрасы. Осы мұраны біртұтас елдің ортақ мүддесі үшін аманат ретінде көздің қарашығындай сақтап, дамуына жағдай жасау – партияның басты міндеттерінің бірі. Аманат сақталған жағдайда қоғамда адамдар арасындағы бауырмалдық, сенім мен мейірім күшейеді, ел ішінде ырыс-береке ұлғаяды. Сондықтан, қадірлі ағайын, жаңарған жаңа партиямыз атына заты сай болады деп сенемін.