Наурыз айы келгенде...

Наурыз айы келгенде...
fonstola.ru

Наурыз айы егемендігімізге 30 жыл толған елімізге жаңа нұрын, жаңалығын ала келді. Үкімет құрамы жаңару үстінде. Жаңа Үкімет пен жаңа қоғамнан жаңа леп, жағымды жаңалық, жаймашуақ тіршілік күтеді ел...

«Он бес күні құдайдікі, он бес күні кедейдікі» деген, міне, осы ай... Бұл наурыздың алғашқы жартысында ауа райының аумалы-төкпелі болып, қалған жартысында күн жылынып, қыстан қысылып шыққан кедейге кеңшілік болатынын білдіреді. Көне жұлдыздық есепте оны «үт» деп атаған. «Үт кірді, үсік шықты» деп ел қуанған. Наурыздың бірінші күні күн мен түн теңеседі. Сол себепті, наурыздың бірінші күні (жаңаша 22 жұлдызы) – Наурыз мерекесі ретінде аталып өтіледі. Наурызда өтіп болмайтын ұзақ күндер – «ұзын сары» келіп, қоңторғайлау қараөзек шақ туады.

Наурызда атан түйені жығар, көктемнің қар ерітер «Алтын күрек» өкпек желі, қара суығы соғады. «Самарқанның көк тасы еріп», теңескен күн мен түннен соң күн ұзарады. Айдың соңына қарай жыл құстары қайта бастайды, сол кезде қар аралас жаңбыр, суық жел болады. Бұл мезгіл соған сәйкес «Құс қанаты» деп аталады. Наурызда қар еріп, жердің лайсаң болатын кез – «Аласапыран», күрт күн жауын-шашын болып суытатын «Бесқонақ», т.б. амалдар көрініс береді.

Наурызда ауа райы жылынады, жер мен көк ғажайып түрге еніп құбылады, жаймашуақ бой көрсетеді. Жер көгереді, өріс кеңейеді, Наурыз айы – барлық тіршіліктің бастауы. Жұлдызшылар мен есепшілер Наурыз айы келгенде (көктем басталғанда) ылғи да пікір таластыратын болған. Жылдың алмасуы, түрлі амалдың қабат келуі бір тоқтамға келуге мұрша бермеген.

Ағжан Машанов мысалға келтірген атақты әл-Фарабидің «Нау болса – дау болады» деген мәтелді сөзі («Әл-Фараби», 1970 ж.) бұл пікірімізге қуат бергендей. Нау – наурыздың басы, яғни көктемнің де, жылдың да басы.

Наурызды парсының «нау» – жаңа, «руз» – күн деген сөзінен шыққан, яғни «жаңа күн» деген мағынаны білдіреді делініп жүр. Дегенмен, бұл айтылғанды түбегейлі пікір деп қарауға болмаса керек. Қайсыбір ғалымдар парсының «руз» сөзі үнемі «күн» деген мағынаны бере бермейтінін, кейде «жарық», «сәуле», «нұр» дегенді де білдіретінін жазып жүр. Ендеше, нау + рыз сөзі «жаңа күн» емес, «күннің сәулесі, нұры жауған күн» немесе «күн сәулесі шашырап төгілген сәт» мағынасында болса керек.

«Қарлығашым, келдің бе, қаршығадан саумысың?

Аман-есен жеттің бе, айыр құйрық нау құсым?!», – дегенде Мұқағали ақын құстың үлкендігін емес, жаңа лепті, жаңа нұрды алып келгенін, жаңа жылдың хабаршысы екенін жырлап тұрған жоқ па?!

Қарлығаш - көктемнің жаршысы болып, ерте келетін құстардың бірі. Иә, қалай болғанда да еліміз жыл басы Наурызда жаңа Қазақстаннан, жаңа қоғамнан, жаңа құрамды Үкіметтен жағымды жаңалық, жаңа леп, жаймашуақ тіршілік күтеді.