Мүгедектігі бар адамдардың құқығы қалай бұзылып жатыр?

Мүгедектігі бар адамдардың құқығы қалай бұзылып жатыр?
Сурет: Gov.kz

Мамандар осы жылдың алты айында 1,9 мыңнан астам заң бұзушылық болғанын анықтаған.

Арнайы жүргізілген тексерулер барысында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің мамандары заң бұзушылықтардың барын анықтаған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Бірінші жартыжылдықта мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, мәдениет және көліктік қызмет көрсету салаларындағы нысандарда заң бұзушылықтарды анықтау бойынша, оның ішінде мүгедектігі бар адамдар үшін қолжетімді ортаны қамтамасыз ету тұрғысынан 469 бақылау іс-шарасы өткізілді. Осы орайда 312 тексеріс жоспарлы алдын алу-бақылау аясында және 157-сі азаматтардың өтініштері негізінде жоспардан тыс жүргізілді», – делінген Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Мамандардың айтуынша, тексеру қорытындысы бойынша ҚР «Мүгедектерді әлеуметтік қорғау туралы» заңының 1603 бұзылуы және «Арнаулы әлеуметтік қызметтер туралы» заңының 315 бұзылуы анықталды.

Бұл ретте 1,5 мыңнан астам заң бұзушылық мүгедектердің әлеуметтік және көлік инфрақұрылымы нысандарына, мәдени-ойын-сауық ұйымдары мен спорт ғимараттарына кіріп-шығуын қамтамасыз етпеумен байланысты болып отыр.

«Тексерулер нәтижесінде мүгедектігі бар адамдарды әлеуметтік қорғау және оларға арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету саласында анықталған заң бұзушылықтарды жоюға 379 нұсқама берілді, олардың 71-і бойынша жалпы сомасы 7,4 млн теңгеге әкімшілік айыппұл салынды», – деп хабарлайды мамандар.