Алматыда 4 жігіт қала тұрғындарын тонаумен айналысып келген

Алматыда 4 жігіт қала тұрғындарын тонаумен айналысып келген
Сурет:Iz.ru

Ұсталғандар көшеде өтіп бара жатқандарды қорқытып-үркітумен тонап келген

Алматыда полиция кісі тонаумен айналысқан төрт жігіт ұсталды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

Қаскөйлер қаланың орталық бөлігінде әрекет еткен. Яғни, кешкісін көшеде кетіп бара жатқан тұрғындарды қорқытып-үркітіп, жеке мүлкін тартып алатын болған. Жәбірленушілер олардың үстінен полицияға арыз жазды. Осылайша жеңіл жолмен мол байлыққа кенелмек болғандар ұсталды. Алмалы аудандық полиция басқармасы бастығының орынбасары Владимир Решетниковтың мәліметінше, тергеу амалдары кезінде олар өз істерін мойындады. Бірқатар эпизод бойынша заттай айғақтар тәркіленді және ҚР ҚК-нің 191-бабы 2-бөлігіне сәйкес тергелген қылмыстық іс материалдарына қоса берілді.

Айта кетейік, бұрын ұсталған төртеудің ешқайсысының да заңға қайшы әрекет жасамағаны анықталды. Олардың барлығы Жамбыл облысының тумалары және еш жерде жұмыс істемейді.