Алматылық дәрігерлер халықаралық BLS, PHTLS, алғашқы көмек нұсқаушылары сертификаттарына ие болды

Алматылық дәрігерлер халықаралық BLS, PHTLS, алғашқы көмек нұсқаушылары сертификаттарына ие болды
Cуреттер: Almaty-akshamy.kz

Алматыда Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты медициналық ұйымдарының 27 дәрігері қалалық Жоғары медициналық колледжі базасында израильдік тәлімгерлерден білім алып, алғашқы көмек нұсқаушыларының халықаралық сертификаттарына ие болды.

Жедел медициналық жәрдем келгенге дейін дер кезінде көмек көрсету дағдыларын үйрету кейінгі дәрігерлік кезеңнің тиімділігін бірнеше есе арттырып, төтенше жағдайда зардап шеккендердің аман қалу мүмкіндігін арттырады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Отандық және шетел мамандарының мәліметтері бойынша, төтенше жағдай салдарынан зардап шеккендердің едәуір бөлігі ауруханаға дейінгі кезеңде уақтылы және тиімді көмек көрсетілген жағдайда аман қалуы мүмкін еді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметі бойынша, ауыр зақымданудан болатын өлімнің 50%-ы оқиға орнында алғашқы секунд пен минутта болады, ал 30%-ы жарақат алғаннан кейінгі алғашқы екі сағатта және 20%-ы жарақат алғаннан кейінгі 5 күн ішінде қайтыс болуы мүмкін», - дейді Жоғары медициналық колледждің директоры Ләззат Ақтаева.

Маманның айтуынша, бұл деректерден зардап шеккендердің көпшілігі ауруханаға дейінгі кезеңде қайтыс болатыны көрінеді. Зардап шеккендердің жартысы медициналық қызметкердің келуінен бұрын қайтыс болады, бұл жарақат алғаннан кейінгі алғашқы минутта көмек көрсетудің маңыздылығын айқындайды. 

Бейбіт уақытта табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайдың салдарынан зардап шеккендерге көмек көрсетуде ең маңызды орын ауруханаға дейінгі барабар шараларға беріледі.

«Халықаралық үлгідегі алғашқы медициналық көмек, BLS, PHTLS әдістері бойынша сертификат иесі атанған 27 нұсқаушы алған білімін тәжірибеде қолдану мен енгізу мақсатында Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының медициналық ұйымдарына  каскадтық әдіспен кейінгі оқытуды жүргізеді. Медицина қызметкерлерін оқытқаннан кейін тәрбиешілер, педагогтар, полиция қызметкерлері мен өрт сөндірушілер арасында оқыту жоспарланған», - деп толықтырды спикер.

Оқыту бағдарламасында адам өмірін сақтап қалу, төтенше жағдай кезіндегі асқынудың алдын алу, сондай-ақ шұғыл жағдайда зардап шеккен адамның денсаулығы мен өміріне төнетін қауіпті азайту үшін шұғыл базалық іс-шаралар кешеніне баса назар аударылды.

Оқытуды жүргізген спикерлер: бас нұсқаушы, шұғыл көмек көрсету бойынша оқыту бағдарламаларының жетекшісі – Виктор Яскив, жарақат және шұғыл көмек көрсету жөніндегі аға нұсқаушы – Наталья Злотник, балалар шұғыл медициналық көмек жөніндегі аға нұсқаушы, реанимация бөлімшесінің реанимациялық іс-шаралар жөніндегі үйлестірушісі – Роман Дробицки.