Мұхтар Мағауин көшіп келді...

Мұхтар Мағауин көшіп келді...
Сурет: Halyq-uni.kz

Қазақстанның Халық жазушысы туған еліне небары 6 сағаттық жерге қоныс аударды

Мұхтар Мағауин Түркияның Кемер қаласында тұрып жатыр, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Бұл туралы Facebook әлеуметтік желісінде жазушы, журналист Қорғанбек Аманжол сүйіншілеп хабарлады. Әлеуметтік желі қолданушылары бұл жаңалыққа жақсы лебіздерін білдіріп, жазушының елге оралуына тілексетістік білдіріп жатыр. Facebook-тегі бұл ақпаратпен жазушының келіні Алтын Мағауина да бөліскен екен.

Естеріңізге сала кетейік, жазушы Мұхтар Мағауин бұған дейін Америка Құрама Штаттарында тұрды. Ал оған дейін қаламгер 2007 жылы Чехияға қоныс аударған болатын. 

Мағауин өз отанынан кетіп, шет ел асуының себебін былай түсіндірген еді:

«Қазақта «Арқада қыс жайлы болса, арқар ауып несі бар»деген сөз бар. Мен баяғы орыстың диссидентін отырғызып, желкелеп шығарып салғандай жағдайды бастан кешкем жоқ, мен өзім кеттім. Тыныш жұмыс істеу керек. Әдебиетте әртүрлі дау-дамай болады. Әуезов те, Мағжан да сынға ұшыраған. Алайда маған қарсы үлкен науқан жүрді. Мысалы сондай өтіріктің бірі «Жұлдыз» журналының 2006 жылғы 9 нөмірінде «Мұхаммед пайғамбардың әйелі Айша анамызға тіл тигізген повесть басылды» деп жазылды. Жұрттың бәрі іздеді, жоқ ондай нәрсе, журнал жаңа ғана шыққан. Шыққанына ай болмаған. Сол сияқты нәрселер. Оның бәрінің жазуыма ешқандай әсері болған жоқ. Бірақ маған тыныштық керек, халқыңа керек болмасаң, болашақ ұрпаққа керексің, содан кейін сыртқа кетуге тура келді...Менің үкіметке де, басқаларға да ешқандай өкпем жоқ, өкпелейтін олардың жағдайы да жоқ»