ММА шеберіне Президенттік клиникада квотамен операция жасалды

ММА шеберіне Президенттік клиникада квотамен операция жасалды
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Көп ұзамай қатарға қосылады

Айдар Махмутов джиу-джитсудан әлем чемпионатының финалында жарақат алған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.
Бұған дейін ол Германияда ақылы ем қабылдап келді. Айдардың достары оған отандық медицинаға назар аударуына кеңес берген.

Спортшының менискісі жыртылған еді. Операция квота бойынша тегін жасалды. Алдымен ол тұрғылықты жері бойынша емханаға жүгініп, ондағы дәрігерлер Айдарды Президенттік клиникаға операцияға жібереді. 

«25 жыл болыпты өз еліміздегі ауруханаларға жүгінбегеніме. Достарым Президенттік клиниканы ұсынды. Бұған дейін Германияда емделгенмін, сол себепті де салыстырмалы түрде айтсам, өз клиникамыз шетелдің клиникаларынан кем түспейді екен, тіпті кейбір жабдықтары мен тамағы асып түседі десем қателеспеймін», - дейді Айдар Ахметов.

Операция «тізе буынының артроскопиясы» әдісімен жасалды. Бұл заманауи және минималды инвазиялық хирургия, яғни денені аз ғана тіліп орындалады. Мұндай операциялар Президенттік клиникада «Емдеуге жатқызу бюросы» порталы арқылы тегін жасалады. 

«Біз мұндай операцияларды МӘМС аясында емдеуге жатқызу бюросы порталы арқылы ҚР азаматтарына тегін жасаймыз. Ол үшін пациент консультацияға жазылуы керек, мен сол жерде бәрін егжей-тегжейлі түсіндіріп беремін» - дейді Президенттік клиниканың травматологы Асқар Баймұхаметов.