Министр Мусин: IT саласы үшін ЖОО-лар даярлайтын мамандардың деңгейі аса жоғары емес

Министр Мусин:  IT саласы үшін ЖОО-лар даярлайтын мамандардың деңгейі аса жоғары емес
Сурет: Telesputnik.ru

«Виртуалды информатика мұғалімі» жобасы іске асырылмақ

Ұлттық жобалар аясында 50 өңірлік оқу орнының IT-факультеттері бейінді IT-университеттерге немесе қалыптасып үлгерген IT-компаниялардың қамқорлығына беріледі. Бұл туралы ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин айтып берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпарат сайтына сілтеме жасап.

«Бәріміз жақсы түсініп отырмыз, қазір IT саласы үшін ЖОО-лар даярлайтын мамандардың деңгейі аса жоғары емес – яғни ЖОО-лар сапасы төмен мамандарды беріп отыр. Бұл да біздің ортақ проблемамыз. Сондықтан біз Білім және ғылым министрлігімен бірлесіп, 50 өңірлік ЖОО-ның IT-факультеттерін бейінді IT-университеттерге немесе қалыптасып үлгерген IT-компаниялардың қамқорлығына беру жұмыстарын жүргізетін боламыз», - деді министр Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.

Сонымен бірге министр IT стартапшылар үшін «реттеуші ортаның» болуы маңызды екенін жеткізді.

«Мысалы, стартапшы пиццаны дронмен жеткізгісі келсе, бұл үшін елімізде заңнама базасы жоқ. Немесе біреу автономды көлікті еш жүргізушісіз сынап көргісі келеді. Оған да Қазақстанда заңнама негізі жоқ. Мұндай технологияларды сынақтан өткізу үшін белгілі бір аумақта «реттеуші орта» құру қажет. Сол аумақта мұндай жаңа технологияларды қолдануға болады және стартаптар өз жаңалықтарымен жұмыс істей алады», - деп түсіндірді Б. Мусин.

Айта кетейік, Мемлекет басшысының Жолдауы аясында «Цифрландыру, ғылам және инновациялар есебінен технологиялық серпіліс» ұлттық жобасы әзірленіп, бекітілді. Ұлттық жоба 10 бағыттан, 226 тапсырмадан, 44 көрсеткіштен және 211 іс-шарадан тұрады, оларды іске асыру 2025 жылға дейін жоспарланған. Ұлттық жоба аясында халыққа қызмет көрсету орталықтары да цифрлық және бейнеқызметтерін іске қосады. Қазақстанның барлық балалары информатика және бағдарламалау бойынша сапалы білім алуы үшін «Виртуалды информатика мұғалімі» жобасы іске асырылмақ.

Сонымен бірге, ұлттық жобалар аясында халыққа IT дағдыларын тегін үйрететін 20 инновациялық мектеп ашылады.