Метро билеті екі есе көтерілді

Метро билеті екі есе көтерілді
Сурет: https://timetraveling.ru/

Париж билігі Олимпиада кезінде метро билетінің бағасын екі есеге жуық көтеруге шешім қабылдады. Яғни оның құны 2,10 емес, 4 евро болады, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz  Euronews-ке сілтеме жасап.

Қоғамдық көлікті реттейтін Иль-де-Франс басшысы Валери Пекресстің сөзінше, жергілікті тұрғындар үшін баға өзгермейді, ал қонақтарға билетті 20 шілдеге дейін сатып алу ұсынылады.

Тарифтердің қымбаттауы көлік қызметіне жүктеменің күрт артатынымен түсіндірілді. Ол өңірге 200 млн еуро шығын әкеледі. Осылайша бюджет шығыны туристердің қалтасынан толықтырылады.

«Олимпиада және Паралимпиада өткізуге байланысты Île-de-France Mobilités компаниясы көлік қызметі көлемін екі есе арттырады. Қосымша шығынды Париж халқының мойнына артуға болмайды. Сол себепті жаңа жол жүру ақысын енгізбекпіз. Күніне 16 еуро – әділетті баға. 20 шілде мен 8 қыркүйек аралығында бір апталық жол жүру билеті 70 еуроға дейін, метро билеті – 4 еуро, ал қала сыртына баратын электрлік көліктерге 6 еуро болады», - деді Пекресс бейнеүндеуінде.

Болжам бойынша, 2024 жылғы Олимпиада ойындары кезінде Франция астанасына 10 миллион турист келеді. Парламент есебіне сай, өңір 5-10 миллиард еуро аралығында табысқа кенелуі мүмкін.

Айта кетейік, Францияда Жазғы ойындар 26 шілде – 11 тамыз аралығында өтеді.