Мемлекет кепілдік берген заң көмегін кімдер ала алады?

Мемлекет кепілдік берген заң көмегін кімдер ала алады?
Cурет: Өңірлік коммуникациялар қызметі

Алматыда жыл басынан бері 7753 азамат жалпы сомасы 129 933 066 теңгеге мемлекет кепілдік берген заң көмегін алды.

Өңірлік коммуникациялар қызметінің брифингінде Әділет департаментінің өкілдері заңгерлік кеңес алу тәртібі туралы айтты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Мемлекет кепілдік берген заң көмегі – оны алуға құқығы бар жеке және заңды тұлғаларға көрсетілетін заң көмегі.

«Кепілдендірілген мемлекеттік  заң көмегі және азаматтарға кешенді әлеуметтік заң көмегін көрсету - әділет органдарының маңызды бағыттарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының әрбір азаматы азаматтық, әкімшілік және қылмыстық процестер шеңберінде білікті заң көмегін алуға ажырамас құқыққа ие. Мемлекет Қазақстан азаматтарына әділдік пен заң алдындағы теңдік қағидаттары негізінде бұл қолдауға кепілдік береді», - деді Алматы қаласы Әділет департаменті басшысының орынбасары Қанат Базарбаев. 

Мемлекет кепілдік берген құқықтық кеңес беру түріндегі заң көмегі алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау, оңалту, босқын немесе қандас мәртебесін алу, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған кәмелетке толмағандарға; жыныстық зорлық-зомбылық құрбандарын; адам саудасы, терроризм актісі құрбандарына не осы деректерге байланысты олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету және қорғау мәселелері бойынша азаптауға ұшырағандарға; жеке тұлғаларға асыраушысының қайтыс болуынан келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша; жеке тұлғаларға жұмысына байланысты,  болмаса, қылмыстық құқықбұзушылық салдарынан денсаулығына зақым келген жағдайда; Ұлы Отан соғысының қатысушылары болып табылатын жеке тұлғаларға, жеңілдіктер бойынша Ұлы Отан соғысының қатысушыларына теңестірілген адамдарға, сондай-ақ басқа мемлекеттер аумағындағы жауынгерлік іс-қимылдар ардагерлеріне, мерзімді қызметтегі әскери қызметшілерге, бірінші және екінші топ мүгедектігі бар адамдарға келтірілген зиянды өтеу мәселелері бойынша жеке тұлғаларға жасына байланысты, кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша зейнеткерлер; кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көп балалы отбасыларға; жан басына шаққандағы орташа табысы облыстарда, республикалық маңызы бар қалаларда, астанада белгіленген кедейлік шегінен бір ай төмен аз қамтылған адамдарға (отбасыларға) кәсіпкерлік қызметпен байланысты емес мәселелер бойынша көрсетіледі. 

Соттарда, қылмыстық қудалау органдарында, өзге де мемлекеттік органдар мен мемлекеттік емес ұйымдарда жеке тұлғалардың мүдделерін қорғау түріндегі мемлекет кепілдік берген заң көмегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған адамдарға; талап қоюшылар мен жауап берушілерге; қылмыстық-процессуалды заңнамаға сәйкес күдіктілерге, айыпталушыларға, сотталушыларға, сотталғандарға, ақталушыларға  және жәбірленушілерге көрсетіледі.

«Жоғарыда аталған барлық азаматтар тұрғылықты жері мен орналасқан жеріне қарамастан Қазақстан Республикасының аумағында мемлекет кепілдік берген заң көмегін алуға құқылы. Мемлекет кепілдік берген заң көмегіне мұқтаж адамның мүддесі үшін осындай көмек көрсету туралы өтінішпен оның өкілі заңдарда белгіленген тәртіппен жүгіне алады», - деп толықтырды спикер.

Кешенді әлеуметтік заң көмегі - бұл заң көмегін көрсету туралы шарт негізінде адвокаттар ұсынатын заң көмегінің түрі. Ол Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасын негізге ала отырып, осы топтағы адамдарға арналған. Осылайша, КӘЗК келесі санаттар бойынша көрсетіледі: 
-арнаулы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж адамдар; 
-арнаулы әлеуметтік көмек алу құқығы бар тұлғалар;
-ҰОС қатысушылары жіне жеңілдіктер бойынша оларға теңестірілген тұлғалар;
- ҚР аумағынан тыс басқа мемлекеттердің аумағындағы әскери қимылдарының ардагерлері;
- Бірінші және екінші топ мүгедектеріне;
- Жасы бойынша зейнетке шыққандарға;
- Арнаулы әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарында тұратын қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға.
- Мүгедектігі бар балаларды жалғыз тәрбиелеп отырған немесе мүгедектігі бар кәмелетке толған адамдардың қамқорлығындағы адамдарға.

Азаматтық сот ісін жүргізу шеңберінде кәсіпкерлік қызметке байланысты даулар бойынша кешенді әлеуметтік заң көмегі көрсетілмейді.
Сондай-ақ, заң консультанттары көрсететін кешенді әлеуметтік заң көмегін алу үшін азаматтар Алматы қаласының Әділет департаментіне жүгіне алады.

«Азаматтар «кешенді әлеуметтік заң көмегі» қызметін алу үшін Алматы қаласының Әділет департаментіне жүгінуге құқылы, оны заң консультанттары Pro bono түрінде өтеусіз негізде көрсететін болады, бұл заң қоғамы өкілдерінің арасында халықаралық тәжірибеде бар және оның ішінде Қазақстан да бар», - деп толықтырды спикер.

Заңгерлік кеңес алу үшін Әділет департаментіне немесе келесі телефон нөмірлері бойынша хабарласуға болады: 119 немесе 1414 (Құқықтық ақпараттық қызмет).