Мектеп те кетті жекеге...

Мектеп те кетті жекеге...
Сурет: ашық дереккөз

«2 ай уақыт береміз, мектепті қайтарыңыздар»: депутат Алматы облысында мектепті жеке меншікке сатып жібергендер жайлы.

Алматы облысында мектепті жеке меншікке сатып жіберген, деп хабарлады Almaty-akshamy.kz. 

Бұл туралы Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбай айтты, деп жазады Azattyq Ruhy.

«Өткен аптада ғана Алматы өңірінен келдім. Мектептің жайын айтып жатырсыздар ғой. Мен сіздерге бір сұмдықты айтайын. Біз бар мектептің өзін сатып жатырмыз. Алматы облысы Қарасай ауданы Шалқар ауылында Ломоносов атындағы 250 орынға арналған орта мектеп болған. Соңғы жылдары толығымен күрделі жөндеу жасалып, жаңадан спорт зал салынып берілді. Барлық ауыл баласы қуанып жүргенде, ауыл мектебін жеке қолға сатып жіберген. Оны әкімдіктен басқа кім сатады? Оны 15 млн теңгеге сатқан, тізбекпен кетіп, екіншісі 80 млн теңгеге сатқан. Прокуратураға «қайда қарап отырсыңдар?» деп айттық. «Сот шағымымызды қабылдамайды, шамамыз жетпейді» деп отыр», - деді ол.

Депутат құлайын деп тұрған үйдің өзі 17 млн теңге тұратынын айтты.

«Сұмдық қой. Үлкен мектепті 15 млн теңгеге сатып жіберген. Алматы облысының әкімі, бұл қай әкімнің, қалай сатылғанын табу қиын емес. Барлығын біліп отырмыз. 2 ай уақыт береміз, қайтарыңыздар. Әйтпесе, фамилия бойынша соңына жетеміз», - деді Мақсат Толықбай.