Қазақстанда қазақ тілін үйренгісі келетін ресейлік көбейген

Қазақстанда қазақ тілін үйренгісі келетін ресейлік көбейген
Сурет: Politic.kz

Сұраныс 2022 жылдың ақпанында басталған.

Қазақ тілін үйренгісі келетіндер қатарына ресейліктер де қосылып жатыр. Бұл туралы LingvaTen тіл орталығының жетекшісі Владислав Тен әлеуметтік желідегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Almaty.tv сілтеме жасап.

Владислав Тен жетекшілік ететін орталық 5 жылдан бері жұмыс істейді. Бастапқыда офлайн форматта жұмыс істеген орталық коронавирус пандемиясына байланысты онлайн форматта білім беруге көшкен.

«Бастапқыда ағылшын тілін үйреттік. Уақыт өте келе қазақ тіліне деген сұраныс артты. Ата-аналар баласын алып келетін болды. Қазір қазақ тілімен қатар орыс тілі, ағылшын тілі, корей және өзбек тілін шет тілі ретінде үйретеміз. Кейінгі кезде қазақ тілін үйренгісі келетіндер көбейді», - дейді Владислав Тен.

Қазір тіл орталығында 50 адам жеке, 70 адам топта оқып жатыр. Оларға 5 мұғалім сабақ береді.

«Мен орталықтың методисімін. Мұғалімдерге шет тілдерді қалай үйрету керек екенін үйретемін, бағыт-бағдар беремін. Көпшілік менің ұлтыма қарап, «қалай қазақ тілін үйретесің?» деп сұрайды. Қазақ тілін шет тілі ретінде үйренген соң, оның жолын жақсы білемін. Қазақ тілін бір жылда үйрендім, алайда әр адам әртүрлі форматта оқиды. Соған сай, жаңа тілді меңгеру уақыты да әртүрлі», - дейді ол.

Айтуынша, көп адам аптасына екі не үш сағат қосымша сабаққа қатысады. Аптасына 20 сағатын қазақ тілін үйренуге арнайтындар да бар.

«Қазақ тілін күніне бір сағат оқитын адам 30 сабақтан кейін сөйлей алады. Орталыққа келетіндердің арасында шенеуніктер де бар. Біз ол кісілердің аты-жөнін атай алмаймыз, алайда қазақ тіліне деген сұраныс бар», - дейді Тен.

Тен қазақ тілін үйреніп жатқандардың дені қазақтар екенін айтады.

Қазақ тілі ең алдымен өзге ұлттарға емес, қазақтарға керек. Көп жағдайда орыстілді қазақтар, солтүстік өңірлерде тұратындар оқиды. Ресейліктерге келер болсақ, қонақ ретінде қазақтарға құрмет көрсеткісі келгеннен болар, аз болса да, қазақ тілін үйренгісі келеді, - дейді Владислав Тен.

Айтуынша, ресейліктердің қазақ тіліне деген сұранысы 2022 жылдың ақпанында басталған.

«Соғыс басталғалы қазақ тілін үйренгісі келетін ресейлік көбейді. Басым бөлігінің ұлты орыс. Олардың саны қазақтарға қарағанда көп емес. Қазір біздің орталықта 10 ресейлік қазақ тілін үйреніп жатыр. Мұны көп деп ойлаймын. Олардан сабақ барысында тілді қандай мақсатпен үйреніп жатқанын сұраймыз. Бірі Қазақстанда тұрғысы келетінін, енді бірі қазақтармен бірге жұмыс істегісі келетінін айтады. Азаматтық алғысы келетіндер де бар», - дейді ол.

Ол сондай-ақ Қазақстанда ана тілді меңгерген өзге ұлт өкіліне ерекше құрмет көрсетілетінін айтты.

«Ресейліктер Қазақстанда орыс тілін қолданып, адамдармен сөйлесе алатынын біледі. Қазақ тілінде сөйлейтін өзге ұлттың өкіліне құрметпен қарайтынын да түсінеді», - дейді ол.

Айтуынша, корей тілі арқылы да қазақ тілін үйренгендер болған. Сондай-ақ бірлі-жарым бразилиялық, америкалық қызығушылық танытқан.

Шетелдіктердің бір бөлігі Димаш Құдайбергеннің әнін түсіну үшін қазақ тілін үйренгісі келеді, - дейді Владислав Тен.

«Лингвист ретінде Қазақстанға ресейліктердің көп келуін дұрыс емес деп санаймын. Мысалы, қандастар тарихи отанына оралған кезде қазақ тілінің жағдайы жақсарды. Қазақпен қазақша сөйлесетін адам көбейді. Ол қазақ тілінің дамуына жақсы әсер етті. Елге келіп жатқан ресейліктер Қазақстан азаматтығын алса, орыстілділер саны көбейеді. Бұл қазақ тілінің қолданысына кері әсер етеді»,- дейді ол.

Алайда келіп жатқан ресейліктің ішінде қанша бөлігі қазақ тілін үйренуге құлықты екенін нақты айту мүмкін емес.

«Бес саусақ бірдей емес. Санасы бар орыстар қазақ тілін бүгіннен бастап үйренеді. Санасы жоқ болса, Қазақстанда да орысша сөйлей аламын деп жүреді. Мемлекеттің дамуына тіл тікелей әсер етеді. Ал белгілі бір тілдің дамуы сол тілде сөйлейтін адамдардың саны арқылы бағаланады», - деп қорытындылады Тен.

ІШІНАРА МОБИЛИЗАЦИЯ ЖАРИЯЛАНДЫ

2022 жылдың ақпанында Ресей президенті Владимир Путин Украинаның шығысындағы Донецк (ДХР) және Луганск халық республикаларын (ЛХР) тәуелсіз ел ретінде мойындады.

24 ақпанда Ресей Украина аймағында әскери операция бастады.

Ал 21 қыркүйекте Путин ресейліктерге үндеу жолдап, Украинамен соғысқа байланысты елде ішінара мобилизация жариялады.

Оның айтуынша, Украинамен соғысқа ең алдымен қарулы күштерде әскери борышын өтеген запастағы әскери қызметкерлер шақырылады. Олар қосымша әскери дайындықтан өтіп, тиісті тәжірибе жинаған соң соғысқа қатысады.

Содан кейін бірқатар ресейлік Қазақстанға үдере көше бастады.