Маңғыстау тұрғыны Тәуелсіздікке тарту ретінде велосипедпен 1750 шақырым жүріп өтті

Маңғыстау тұрғыны Тәуелсіздікке тарту ретінде велосипедпен 1750 шақырым жүріп өтті
Сурет: Inform.kz

Тәуелсіздікке тарту

Маңғыстаулық велошабандоз Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай 1750 шақырымды жүріп өтті, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Бейнеу ауданының меценаты, жеке кәсіпкер Рәббім Борашев «Бейнеу-Шалқар-Торғай-Нұр-Сұлтан» бағытында велосаяхатқа шыққан сапарын сәтті аяқтады.

Велошабандоздың құрметіне ауыл жастарымен кездесу ұйымдастырылды. Жиын барысында жиһанкез сапар кезінде аралаған жерлері мен қызықты оқиғаларды айтып, сұхбат берді.

«Басты мақсат – ішкі туризмді дамыту. Мен саяхат кезінде «Бейнеу-Шалқар-Торғай-Нұр-Сұлтан» бағытында жүріп өттім. Әр өңір ерекше қарсы алды. Әр жердің өзіндік ерекшелігі бар. Өте қатты ұнады. Осы орайда жастарды бос уақытты тиімді жұмсап, спортпен шұғылдануға шақырамын», - деді Рәббім Борашев.

Рәббім Борашев енді еліміздің шығысына саяхаттауды жоспарлап отыр. Сондай-ақ велосаяхат жайында кітап жазуға ниетті. Аудан әкімінің орынбасары Рақымжан Шалабаев «Бейнеу ауданының бірінші велошабандозы» деген жазуы бар спорттық киім мен жаңа велосипедті сыйға тартты.