Еліміздегі тұңғыш томотерапия орталығы Алматыда ашылды

Еліміздегі тұңғыш томотерапия орталығы Алматыда ашылды
Сурет: Inform.kz

Қатерлі ісікке шалдыққандар шетел аспай-ақ, құрылғы көмегіне жүгіне алады

Бүгін Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтында ашылған бірегей томотерапия орталығы әлемнің небәрі 8 елінде ғана қолжетімді. Қатерлі ісік ауруын емдеуде сәулелік терапия жүргізетін құрылғының арқасында дертіне дауа іздеген науқастар енді елімізде де емделе алады. Мұнда күніне 100 адам, жылына 12 мыңға дейін адам қабылдау мүмкіндігі бар. Айта кетейік, барлық шығынды міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры өтейді. Жоба инвесторы  түркиялық компания, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Бұл құрылғының мүмкіндіктері өте көп. Томотерапия, гаммо, кибер пышақ функцияcы қарастырылған. Біздің мамандар 1 ай бойы арнайы оқыту курстарынан өтіп, науқастарды қабылдауға дайындалады. Отандық медицина саласы үшін бұл үлкен жетістік деп санаймын»,– деді Қазақ онкология және радиология ҒЗИ басқарма төрайымы Диляра Қайдарова.

Еліміздің Сыртқы істер министрлігі, Қазақстанның Түркиядағы елшілігі өкілдері, шетелдік инвесторлардан құралған делегация келесі кезекте Индустриалды аймақтан бой көтеретін жаңа зауыттың іргетасын қалады. Сэндвич-панельдер өндіру зауыты жылына 1 миллион шаршы метрге дейін өнім шығаруға ниетті. Жоба құны – 3,7 миллиард теңге, мұнда 100-ге жуық жұмыс орны ашылады деп күтілуде.

Индустриалды аймақта негізі қаланған металл қоршаулар шығаратын зауыт 2023 жылы пайдалануға беріліп, 25 жаңа жұмыс орнымен қамтамасыз етпек. Кәсіпорын жылына 12 мың тонна жол қоршауларын және 15 мың тонна ыстық мырыштау бұйымдарын өндіруге қауқарлы.

Айта кету керек, бүгінде Қазақстанда Түркиядан келген инвесторлардың қатысуымен 50-ден астам инвестициялық жоба сәтті жүзеге асырылған.