Мағзұм Мырзағалиев: АЭС-тың қайда салынатыны әлі белгісіз

Мағзұм Мырзағалиев: АЭС-тың қайда салынатыны әлі белгісіз
Сурет: BAQ.KZ

Әзірге қалдықтар үшін нақты орын белгіленген жоқ.

ҚР Энергетика министрі Мағзұм Мырзағалиев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте АЭС салынуы ықтимал орындарға сипаттама берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz  

«Бұл мәселе 2013 жылдан бері талқыланып келеді. Сегіз жылдан бері осы мақсатта әртүрлі жер учаскелері олардың сейсмикалық ахуалына, желілер сияқты инфрақұрылымның болуына және әрине, тұтынуға негізделе отырып зерделенді. Ал, қазір екі орын бар. Біз олар туралы бірнеше рет айттық, бір локация - Балқаштың жанындағыҮлкен елді мекені болса, екіншісі - Курчатов қаласы», - деді Мағзұм Мырзағалиев журналистердің сұрағына берген жауабында.

Энергетика министрінің айтуынша, аталған локациялар сейсмикалық қауіпсіздігі бойынша іріктеліп отыр.

«Үлкен локациясы инфрақұрылымның болуы тұрғысынан қарағанда, қызықтырақ, басымырақ көрінеді. Өйткені ол жерден кернеуі 500 киловольт болатын «Солтүстік-Оңтүстік» электр тасымалдау желісі өтеді. Ал Үлкен кенті біздің негізгі энергия тұтынушыларымыз – оңтүстік өңірлерге жақын. Бірақ орынды таңдау туралы түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын атап өткен жөн. Десе де, бұл жұмыс басталып кетті. «Самұрық-Қазына» қоры тиісті зерттеулер мен есеп жүргізу үшін жобалық топ ұйымдастырды», - деді ведомство басшысы.

Министр, сондай-ақ, АЭС қызметінен пайда болатын өндіріс қалдықтарын сақтау орнын таңдау мәселесіне түсініктеме берді.

«Бұл да - тиісті жобалық топтың алдында тұрған міндеттердің бірі. Яғни, ол жерде біз тек учаскені ғана емес, технологияларды да анықтауымыз керек. Қуатын анықтауымыз керек, содан кейін сақтау мәселесін шешуіміз керек. Әзірге қалдықтар үшін нақты орын жоқ», - деді Мағзұм Мырзағалиев.