Мамандар жаппай кибершабуылдан 100 % қорғаныс болмайтынын айтты

Мамандар жаппай кибершабуылдан 100 % қорғаныс болмайтынын айтты
Сурет: Kapital.kz

Сарапшылар тығырықтан шығу жолдарын айтты.

«Қазақстанның интернет қауымдастығы» ЗТБ президенті Шавкат Сабыров соңғы уақытта жиілеп кеткен кибершауылға қатысты пікір білдірді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Соңғы уақытта қазақстандық инфрақұрылымға осындай жаппай шабуылдар болып жатыр. Әдетте, мұндай жағдайда 100 пайыз қорғаныс болмайды. Осындай кезде әрдайым шығындарды азайтуға тырысады, интернеттегі арналарда инфрақұрылымға жүктемені азайтуға болатын нұсқаларды іздейді. Өткен аптада бәрінде дерлік қатты іркіліс болды. Сонымен қатар, Қазақстан экономикасының көптеген саласы деректер беретін интернет-арналармен байланысты. Мысалы, ауруханалар интернетті деректерді, суреттерді, бейнелерді, медициналық ақпаратты беру үшін пайдаланады. Әуе рейстері де кешікті. Себебі әуе компаниялары интернетті телеметрия үшін, яғни әуе рейстерін қамтамасыз етуге қажетті деректерді беру үшін пайдаланады. Бізде бүкіл ел, бүкіл экономика интернет инфрақұрылымында деректерді беру арналарында отыр», - деді ол ҚазАқпарат тілшісіне берген сұхбатында.

Шавкат Сабыровтың атап өтуінше, мұндай тығырықтан шығудың бір жолы - деректерді беру арналарын әртараптандыру, бөлу.

«Авиацияның, банктердің ерекше қажеттіліктері үшін деректерді беру үшін өз арналары қажет делік. 90-жылдардың басында әрқайсысының дербес телекоммуникация желісі болды. Ал қазір бәріміз бір инфрақұрылымда - интернет инфрақұрылымында отырмыз. Сондықтан бұл инфрақұрылымға кез келген әсер интернетті пайдаланушыларға ғана емес, сонымен қатар ауруханалардан бастап, энергетика мен өнеркәсіпке дейінгі Қазақстан экономикасының барлық саласына да әсер етеді», - деді Шавкат Сабыров.