Мал терісіне бедер салған суретші

Мал терісіне бедер салған суретші
Суреттерді түсірген - Қ.Қоныспаев

Құттыбек Жақып «JaQut» атты көрмесін Тәуелсіздік күніне арнады

Әбілхан Қастеев атындағы ҚР Мемлекеттік өнер музейінде ҚР-ның еңбек сіңірген мәдениет қайраткері, Қазақстанның сәндік-қолданбалы өнер суретшісі Құттыбек Жақыптың «JaQut» атты жеке көрмесі ашылды. Көрме еліміздің Тәуелсіздік күніне арналған. Өнердің өз өкілдері жиналған мәдени іс-шарада суретшінің шығармашылығына арналған «Құттыбек Жақып» альбомы мен «JaQut» каталогының тұсауы кесілді.

Қойдың, сондай-ақ өзге де тұяқты үй жануарларының терісін тұтас күйінде пайдаланып, оған түрлі тақырыпта бедер, «ойма сурет» салу – Құттыбек Жақыптың дербес шығармашылық өнертабысы, патенттелген техникасы.

Сәл шегініс. Қазақ өнерінің тұтас бір дәуірін сөз еткенде Құрасбек Тыныбеков есімін атамау мүмкін емес. Ол – Қазақстандағы ұлттық гобелен өнерінің негізін қалаушы. Бүгінгі кейіпкеріміз сол Құрасбек Тыныбековтей тұлғаның бауыры. Суретші бір сұхбатында: «Мен көп нәрсені үлкен ағам Құрасбектен үйрендім. Ол, сөзсіз, менің өнердегі ең басты ұстазым. Ал бүгін дәстүр жалғастығымен ағам негізін қалап кеткен өнерге өз үлесімді қосып, ұлттық қолданбалы өнердің заманауи әлемде өрістеуіне атсалысып жатырмын», – дегені бар.

«JaQut» көрмесі орналасқан залдың есігі айқара ашылғанда, алдымыздан берекелі, образға бай, қазақтың бітім-болмысын паш ететін қанық түсті ғажап туындылар жарқ етті. Өнертанушылардың айтуынша, Құттыбек Жақып туындыларында петроглифика жетекші орынға ие. Картинаның бір кеңістігінен тұтас әлемді – адамдарды, жануарларды, сондай-ақ тылсым күш саналатын Күнбейнелі Құдайды көреміз. 

«Табыну» панносында құшақ ашып тұрған бұл бейне туындының дәл ортасында орналасқан. Күнбейнелі Құдай образы «Ақсұңқар» туындысында да кездеседі. Ол композиция шеңберінің ортасында тұр және ақ құс денесінің түйіні, күн шашақты өрімі болып келеді. Дискті пыраққа мінген бес салт атты ұстап тұр. Сұңқардың бас жағында олжасын қыса ұшып, еркін қалықтаған құстар көрінеді.

«Құс жолы» деген тері панно композициясында қою қара аспанда сан жұлдыз жарқырай, жымыңдап тұр. Ондағы бұралаң ақ сызықтар шоқжұлдыздар образын бейнелейді. Аспанда халық фольклорында жоғарғы әлемді танытатын образдар – ашық түсті құстар ұшып жүр.

«Құс жолы» панносының арғы жағына суретші «Түйелер салтанаты» атты көркем суретін салған. Бұл – стильденген көпфигуралы композиция. Өмір салтанаты, мейрам, шаттық секілді адами сезімдерді сезінуге боллады. Бұл жердегі элементтердің барлығы адамдар, аңдар, құстар, киіз үйлер мен ма- зарлардың әсем пластикасының тұтастығын құрап тұр.

«Отбасы» панносы да көз қуантады. Үш ірі бейне – бір ер адам мен шеттегі екі әйел пішіні бейнеленген шеңбер композиция орталығы. Дөңгелек табанында аңыз бойынша түркілердің түпкі тегі саналатын қасқыр бейнесі көрініс тапқан. Туындыдағы басқа кейіпкерлер: аспанға ақ жамылғыларын серпіп жатқан әйелдер, қарулы салт аттылар, аң аулау сәттері, тотемдік аңдар мен құстар кіші өлшеммен берілген. Бұл бейнелердің барлығы композицияның бас кейіпкерлері бейнеленген орталық бөлікті толықтырып тұр. 

«Бақыт» атына сай лирикалық көңіл күйге толы көрінді бізге. Онда әр таңның, әр күннің махаббат, сенім, қуаныш, шаттық сияқты адамға тән нұрлы сезімдері соншалықты тазалықпен көрсетілген.

«Жеңіс» шығармасынан қолындағы найзасын басынан асыра ұстап тұрған жеңісті бейнелейтін әйелдің монументтік образын көресіз. Әйел жеңіліс тапқан, аузын ашып ақырып тұрған жыртқыштың үстінде тұр. Бұл жерде композиция ортасында күн символы бейнеленген. Бірақ жеңімпаз әйел мүсіні алдыңғы планда берілген, күннен әлдеқайда үлкен көрінеді. Айнала шаттық пен қуанышқа толы. Салт атты ерлер мен әйелдер бейнеленген. Бұл образдардың бәрі көптен күткен жеңісті бедерлеп тұр. 

«Қансонар» туындысында түгі қысқа қырқылған терінің ақ барқыт фонында ат үстіндегі аңшының үлкен мүйізді бұғыны қуып келе жатқан қара түсті сұлбасын көреміз. Жетегінде тазысы бар. Аспанды шарбы бұлттар көмкерген. Күн де ерекше жарқырап тұр. Аспан шегі толқын сызықтармен қар жамылған далаға ұласады. 

Құттыбек Жақыптың гобелендеріне де жарқындық, ашықтық тән. Туындыларының көпшілігі фактуралық сипатымен, гобелен бетінің қосымша сәндік бедерленіп әрленуімен ерекшеленеді. «Алыптар күресі», «Жеңімпаз», «Жылан арбаушы», «Шағылыс» сияқты гобелендеріненде фон мен нақыштың тең дәрежелі болуымен сипатталатын қазақ оюы композициясы принципіне жүгінеді.

Суретші ғажап гобелендермен қатар, баяғы әжелеріміздің ізімен, текемет, киіздерді қол әдісімен жасаудың көне технологиясымен ыстық күйде басу техникасы арқылы үлкен көлемді киіз паннолар жасап шығарды. Олардың арасынан қазақ оюы мотивтері стилистикасында орындалған «Аударыспақ», «Күрес», «Ойлан!», «Көктем», «Күз», «Темірқазық», «Құс» композицияларын ерекше атап өтуге болады. Мәселен, «Құс» гобелені арқарлар мен құстардың стильденген бейнелерінен тұрады. Бір қарағанда қанатты құстардың адамдарға айналып кетіп жатқанын байқауға болады.

Жақұттай жарқыраған «JaQut» көрмесінде Ә.Қастеев атындағы ҚР МӨМ-нің директоры Гүлайым Жұмабекова, директордың көрме істері және сыртқы байланыстар жөніндегі орынбасары Мөлдір Бигелдиева, Оңтүстік суретшілер ақсақалы, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, суретші Насыр Рустамов және Қазақстанның қолөнершілер одағының төрағасы Айжан Бекқұлова сөз сөйлеп, кейіпкер атына жылы лебіздерін арнады.

– Автордың теріден жасалған сәндік паннолары монохром түстер гаммасына үйлес салмақты өң берер палитраға ие болуымен ерекшеленеді. Табиғи түктің түсі мен фактурасын өз ыңғайына пайдалана білген автор бейнелердің шынайылығын нақтылап бекіте түсті. Өнердің бұл түрін шартты түрде «теріге ойма сурет салу» (ойма сурет) деп атауға болады. Ойындағы бейнені түсіру үшін суретші кей тұста қажетсіз түкті қырқып, кейде алып тастап, бірде қысқартып не өз қалпын сақтай отырып бедерлі суреттер жасайды. Суретшінің туындылары көз арбайды. Суретші секілді көрермен де бұрыннан бар нәрсенің жаңа қырын байқап, бейнесін танып білгендей күйге түседі. Жұмыс кезінде ол терідегі түкті мәнерлеп қиып қана қоймай, теріні бояуға арналған бояумен түсін күңгірттендіреді, сондай-ақ акрил және майлы бояуларды пайдаланады. Немесе былғарының табиғи түсін келтіру үшін кей тұсының түгін қалдырып, кей пұшпағындағы түкті түгел қырқып тастайды. Нәтижесінде ғажайып образдар дүниеге келген.

Өнерге тыңнан түрен салған Құттыбек Жақыптың мал терісіне бедер салуы – суретші дарыны мен еңбегінің жемісі. Енді осы табиғи материалдың суретші қиялымен заманауи интерьерді көріктендірер сәндік-қолданбалы өнер қажетін өтейтін, авторлық төлтума бұйымға айналғаны ғажап жетістік, – дейді өнертанушы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі, «JaQut» көрмесінің кураторы Наталья БАЖЕНОВА. 




Фотолар Қайрат