LRT жобасын қаржыландырған Қытай мемлекеттік банкінің топ-менеджерлері тергеуге ілінді

LRT жобасын қаржыландырған Қытай мемлекеттік банкінің топ-менеджерлері тергеуге ілінді
Сурет: Almaty-akshamy.kz

Қытай Халық Республикасының Мемлекеттік даму банкінің топ-менеджерлері сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін тергеуге алынды, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz.

Қытайлық қаржы институты атышулы Астана жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасын қаржыландыруға қаржы бөлген.

Orda.kz-тің таратқан ақпаратына сүйенсек, Қытай прокурорлары Қытай мемлекеттік даму банкінің бұрынғы вице-президенттері Ли Цзипин, Ван Юншэн және Чжоу Цинюге сыбайлас жемқорлық жасады деген айып тағып отыр.

Чжоу Циню пара алды деген күдікке ілініп, оның үстінен қылмыстық іс қозғалды. Прокуратура оның қызметтік бабын және жеке ықпалын асыра пайдаланып, үшінші тұлғаларға несие алу мен қаржыландыруға, келісім-шарт жасасуға, кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыруға көмектескенін хабарлады. Бұл үшін Циню ерекше үлкен көлемде материалдық сыйақы алған.

Ли Цзипин де сыбайлас жемқорлыққа қарсы тергеу нысанына айналды. Ол ооңғы сегіз жылдан бері зейнеткер, дегенмен тәртіп пен заңды өрескел бұзды деген күдікке ілінді.

Банктің үшінші вице-президенті Ван Юншенге сыйлық алу және жеке сектор иелері ұйымдастырған банкеттер, турлар мен гольф ойындарына қатысу арқылы ережелерді бұзды деген айып тағылды. Сонымен қатар, Юншен қаржы институттарының қызметкерлерін жұмысқа қабылдауға араласып, компанияның бағалы қағаздарын заңсыз иемденіп, билікті жеке пайдасына қолданған.

Сыбайлас жемқорлық ескерткіші

Ресми түрде LRT құрылысы 2011 жылы басталды. Жобаны жүзеге асыру үшін Қазақстан билігі Қытайдың мемлекеттік даму банкінен 1,8 миллиард доллар тартқысы келген. Бірақ «Астана LRT» ЖШС құрылысқа бөлінген 344 миллион доллар ғана алған.

Қазақстанның сол кездегі премьер-министрі Кәрім Мәсімов Қытайдан инвестиция тарту туралы келіссөздерге барды. Белгісіз себептермен ол ынтымақтастық шартына келісім алды, бірақ ҚХР қаржы органдары басқа елдерге несие берудің негізгі ережелерінің бірін іс жүзінде бұзды - олар Қытайдағы ақша айналымын сақтамаған. Қытай банкінің топ-менеджерлерінің қудалануына осы жағдай себеп болса керек.

Ақша 2018 жылы лицензиясынан айырылған Астана банкіне аударылған. Содан кейін Қазақстан билігі жобаның шығындарын жабу және Қытайдың Мемлекеттік даму банкіне несиені қайтару мақсатында «Astana LRT» ЖШС облигацияларын сату туралы шешім қабылдады.

LRT құрылысын қытайлық China Railway No. 2 Engineering Group Co., Ltd, Beijing State-Owned Assets Management Co., Ltd және China Railway Asia Europe Construction Investment Co., Ltd компаниялары жүргізуі тиіс болатын. Бұл компаниялардың өкілдері Қытайда сотталған, бірақ Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінде сотталғандардың аты-жөні, істің егжей-тегжейі, үкім мен келтірілген шығын көлемі туралы ақпарат жоқ.

2023 жылдың мамырында ЛРТ құрылысы кезінде қаржы жымқырды деген айыппен тоғыз адам:  елорда әкімінің бұрынғы орынбасары Қанат Сұлтанбеков, «Астана LRT» компаниясының бұрынғы басшысы Талғат Ардан, Астана қаласы Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бұрынғы басшысы Рашид Аманжолов және «Астана қаласының Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы» мемлекеттік мекемесінің бұрынғы басшысы Жанат Нұрпейісов, «Astana Innovations» АҚ басқармасының бұрынғы төрағасы Талғат Әшім, сондай-ақ бірқатар кәсіпорын қызметкерлері Ұлықбек Ашылов, Тимур Қасабаев, Дулат Мүсенов және Дәурен Әбдіхамитов сотталды.