«Күй күмбірі» Алматы аспанын кернеді

«Күй күмбірі» Алматы аспанын кернеді
Сурет: Қайрат Қоныспаев

Әз-Наурыз қарсаңында Алматы аспанын күй кернеді.

Бүгін, 20 наурыз елімізде республикалық «Күй күмбірі» атты челленджі өтіп жатыр. Алматы қаласының барлық білім беру ұйымдарында бір уақытта руһты күйлер орындалды деп хабарлайды Almaty-aqshamy.kz.

Алматыдағы №161 лицей, №12 мектеп-гимназия, №137 және  Республикалық физика-математика мектебі қатарлы білім беру мекемелерінде «Күй күмбірі» атты челленджі бір уақытта, түскі сағат 12:00-де басталды. Республикалық челленджіні мектеп оқушыларынан құралған домбыра оркестрлері өткізуде. Олар Құрманғазының «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай» қатарлы төкпе күйлерін бір уақытта орындады.

Ауқымды челленджінің мәні мен мақсаты турасында Ш.Ш.Уалиханов атындағы №12 мамандандылылған гимназияның директоры Қуаныш Жұмабекұлы бізге өз пікірін бөлісті.

«Республика көлемінде өтіп жатқан домбра челленджісі ұлтымыздың болашағы жас ұрпақты ұлттық танымда тәрбиелеудің тамаша бір құралы. Осы жылдан бастап елімізде біртұтас тәрбие деген бағдарлама жүзеге асып жатыр. Оның мақсаты жалаң оқу сапасын ғана көзде ұстамай, жеткіншек балаларды ұлттық сана-сезімін жетілдіруге бағытталады. Бүгінгі ауқымды мәдени шара да осының мазмұнды бір бөлігі, яғни, ұлттық аспаптарымызды, ұлттық құндылықтарымызды дәріптеу мақсатында өтіп жатыр», – дейді Қуаныш Жұмабекұлы.

Тұтас ел көлемінде мектеп оқушылары қатысып жатқан ауқымды челленджінің біз №12 гимназиядағы бір көрінісіне куә болдық. Әрі ұлттық аспапқа қызығушылық танытқан жас жеткіншектердің қатары мол екенін анық аңғардық. Аталған мамандандырылған мектеп-гимназиясында жалпы саны 70-ке жуық оқушы домбыра үйірмелеріне қатысады. Олардың арасында халықаралық, республикалық өнер сайыстарының жеңімпаздар да бар дейді домбыра үйірмесінің жетекшісі Айдар Әбілқасымов.

 «Домбыра аспабын ойнағанда шәкірттерімнің әрдайым рухтанып, желпініп отыратынын байқаймын. Бүгін міне республикалық деңгейде бұндай ауқымды челленджінің өтуі жас ұрпақтың санасында ұлттық жадыны жаңғыртуға өз әсері мол болды деп ойлаймын», – дейді Айдар Мұратбекұлы. 

Айта кетейік, мәдени шара ҚР Оқу-ағарту министрлігінің бастамасымен Наурыз мерекесіне орай өткізіліп отырған ауқымды республикалық акция.