Құтқарушылар тауда жоғалып кеткен төрт жасар баланы тапты

Құтқарушылар тауда жоғалып кеткен төрт жасар баланы тапты
Сурет: Newstula.ru

Ата-аналарына тапсырылды.

Алматы облысында тауда жоғалған төрт жасар бала алты сағаттан кейін табылды. Баланы іздеуге 100-ден аса адам жұмылдырылған, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

 «16 мамыр күні сағат 20:30-да Алматы облысы ТЖД Кербұлақ ауданы Доланалы ауылының маңында 2018 жылы туған баланың жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. 

Ата-аналардың мәліметі бойынша, түскі уақыт шамасында олар төрт жасар баламен бірге таулы аймаққа саңырауқұлақ теруге шыққан. Бір сәтте ата-аналар көліктің жанында ойнап жүрген баланың жоқ екенін байқаған. Үш сағатқа жуық ата-аналар баланы өз бетінше іздестірген, содан кейін ТЖД-дан көмек сұрады. 

Іздестіру-құтқару жұмыстарына Алматы облысының ТЖД қызметкерлері, полиция, жергілікті атқарушы органдар мен жергілікті тұрғындар, саны 100-ден астам азаматтар және 1 іздестіру иті дереу кірісті. 

 Іздеу нәтижесінде сағат 23:30-да бала жоғалған жерден 3 км қашықтықта табылды және дәрігерлердің тексерісінен кейін ата-аналарына тапсырылды»,- делінген Алматы облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада. 

Ведомствоның ақпаратына сәйкес, қазіргі уақытта баланың денсаулығына төнген қауіп жоқ.