Құсбегіліктен жастар арасында Қазақстан чемпионаты басталды

Құсбегіліктен жастар арасында Қазақстан чемпионаты басталды
Сурет: Ашық дереккөз

Жарысқа қатысатын 100-ге жуық құстың қатарында ителгі, қаршыға және бүркіт бар

Бүгін, 10 ақпан Жетісу облысында жастар арасында «Құсбегілік» ұлттық спорт түрінен Қазақстан Республикасының XIV чемпионаты басталды. Спорттық іс-шара 12 ақпанға дейін жалғасады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.  

Чемпионатқа қатысуға Алматы, Қарағанды, Жамбыл, Шығыс Қазақстан, Түркістан, Маңғыстау, Атырау, Абай, Жетісу облыстарының, сондай-ақ Астана және Алматы қалаларының жастары ниет білдірген. Жарысқа қатысатын 100-ге жуық құстың қатарында ителгі, қаршыға және бүркіт бар.
 
Естеріңізге сала кетейік, құсбегілік ұлттық спорты қазақ тарихында тамыры тереңге тараған еліміздің төл мәдени құндылығы болып саналады. Қазақ ұлтының дәстүрлі салт-санасымен етене байланысып, бүгінгі таңда бізге қаз-қалпында жеткен аталған ұлттық спорт түрін болашақ ұрпаққа жеткізу – елім деген әрбір азаматтың міндеті әрі борышы.

Құсбегілік ҚР Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің бұйрығымен ұлттық спорт түрі ретінде танылған сәттен бастап 7 мемлекеттің қатысуымен 1 рет әлем чемпионаты, 2 рет Азия чемпионаты (5 мемлекет), 40-қа жуық халықаралық турнир мен 15 рет Қазақстан Республикасының чемпионаттары ұйымдастырылды. Аталған спорт түрі Астана, Алматы қалаларында және еліміздің басқа да өңірлерінде тұрақты дамып келеді.