ҚР ТЖМ: Қазақстанда 340 елді мекенді су басу қаупі жойылды

ҚР ТЖМ: Қазақстанда 340 елді мекенді су басу қаупі жойылды
Суреттер: Inform.kz

Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында су басқан 53 тұрғын үйі мен Ақтөбе облысында 57 саяжай үйі бақылауда тұр.

2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы шеңберінде 2021 жылы іске асыру жоспарланған 68 іс-шараның 33-і орындалды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, аяқталу мерзімі 2022-2023 жылдарға жоспарланған 4 іс-шара мерзімінен бұрын орындалды. Атап айтқанда, 9,4 шақырым өзен арналары қайта құрылып, 22,2 шақырымы тазартылды. 8,2 шақырым қорғаныс бөгеттері салынып, бөгеттердің 8,1 шақырымна ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Екі гидротехникалық құрылыс салынды. 4 жергілікті құлақтандыру жүйесі орнатылды. Автомобиль жолының астындағы су өткізу құбыры ауыстырылды.

Өткен тәулікте өңірлер аумағында жергілікті атқарушы органдар мен ТЖМ күштері Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Түркістан облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында 144 379 текше метр еріген қар суын сору жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ Ақмола, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Павлодар, Ақтөбе облыстарында инертті материалдары бар 7 961 қап төселді. Батыс Қазақстан облысында 250 шаршы метр алқапта өзендердегі мұзды кесу жұмыстары жүргізілді. Батыс Қазақстан облысында апаттан құтқару жұмыстарына Маңғыстау және Атырау облыстарының ТЖД күштері мен құралдары жеке құрамнан 92 адам, 13 бірлік техника, 2 жүзу құралы және 6 мотопомпа жұмылдырылды.

Қазіргі уақытта Батыс Қазақстан облысында су басқан 53 тұрғын үй мен Ақтөбе облысында 57 саяжай үйі бақылауда тұр. Өткен тәулікте Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарында 773 адам эвакуацияланды. Олар уақытша эвакуациялау пункттері мен туыстарының үйлеріне орналастырылды. Қайтыс болған және зардап шеккен адамдар туралы ақпарат тіркелген жоқ. «ТЖМ «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағымен Жақсыбай ауылынан Орал қаласына 2 жүкті әйел жеткізілді. Өткен тәулікте Батыс Қазақстан облысында 99 тұрғын үйді, Ақтөбе облысында 57 саяжай үйін және 21 аула аумағын су басты», - делінген хабарламада.

Ақтөбе облысының республикалық маңызы бар жолдарының 2 учаскесінде, сондай-ақ Ақтөбе, Қарағанды, Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарының облыстық және жергілікті маңызы бар 14 учаскесінде су тасуда. Осы жұмыстарға ТЖМ, ІІМ, ҰҚК ШҚ, ЖАО 2 229 адам, 489 бірлік техника, 238 су айдау құралы және 27 жүзу құралы жұмылдырылды. Оның ішінде ТЖМ жеке құрамынан 974 адам, 117 бірлік техника, 145 су айдау құралы, 21 жүзу құралы бар.