Көшпенділер ойындарына бөлінген қаржы қысқартылады

Көшпенділер ойындарына бөлінген қаржы қысқартылады
Сурет: Almaty-akshamy.kz. 

Бұл туралы Мәжілістің Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің отырысында Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаев айтты, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Маңызды оқиға – елордада Дүниежүзілік Көшпенділер ойындарын өткізу. Ойындарға 100-ден астам елден жалпы саны 3000-ға жуық адамнан тұратын делегациялар қатысады деп күтіліп отыр. Бүгінгі таңда 75 ел қатысатынын ресми түрде растады, - деді ол.

Маржықпаев атап өткендей, оындарға билеттер сатыла бастады. Бүкіл ел бойынша жарнамалық науқанның "екінші толқыны" басталды.

Спорттық ойын бағдарламасы 20 жарыстық және 10 көрнекі спорт түрін қамтиды. 110 медаль жиынтығы ойнатылады.
Жарыс ат спорты, ұлттық күрес, садақ ату, құсбегілік, дәстүрлі зияткерлік ойындар бойынша өтеді.

Ойындарды сапалы ұйымдастыру және өткізу үшін министрлік барлық қажетті жұмыстарды жүргізіп жатыр, - деді Спорт министрі отырыста.

Сонымен бірге ел өңірлеріндегі күрделі су тасқыны жағдайларына байланысты, сондай-ақ Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында ойындарды өткізу шығындарын қысқарту мәселесі қарастырылып жатыр деп түсіндірді министр.

21 наурызда Астана қаласында 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының кері санақ тақтасы салтанатты түрде іске қосылғанын еске сала кетейік.

Бұл іс-шара Мәжіліс төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов бастаған бірқатар депутат, Дүниежүзілік этноспорт конфедерациясының президенті Біләл Ердоған және министрдің қатысуымен өткен болатын.