Қорғаныс министрлігі запастағы офицерлерді әскерге шақыруға қатысты түсінік берді

Қорғаныс министрлігі запастағы офицерлерді әскерге шақыруға қатысты түсінік берді
Сурет: Kapital.kz.

Запастағы офицерлерді шақыру жыл сайын жүзеге асырылады.

ҚР Қорғаныс министрлігі ҚР Үкіметінің Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру туралы қаулысына ресми түсінік берді, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

«Қазақстан Республикасы Үкіметінің Қаулысына сәйкес, 2022 жылы әскери қызметке жарамды және одан өтпеген запастағы офицерлер екі жыл мерзімге әскери қызметке шақырылатын болады.

Запастағы офицерлерді шақыру жыл сайын жүзеге асырылады. ҚР «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы»  заңының 32-бабына сәйкес, әскери қызметке жарамды 29 жасқа дейінгі запастағы офицерлер Үкімет қаулысы негізінде уәкілетті органдардың өтінімдері бойынша бейбіт уақытта офицерлер құрамының лауазымдарында әскери қызмет өткеру үшін шақырылады.

Биыл запастағы 190 офицер, оның ішінде Қарулы Күштердің 150 офицері және Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шекара қызметінің 40 офицері әскерге шақырылатын болады», - делінген министрлік хабарламасында.

Еске салайық, бүгін ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Запастағы офицерлерді әскери қызметке шақыру туралы қаулыға қол қойған болатын. Құжат алғашқы ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.