Көп балалы отбасыларға 27 млрд теңге көлемінде жәрдемақы төленді

Көп балалы отбасыларға 27 млрд теңге көлемінде жәрдемақы төленді
Сурет: Advokat-alliance.kh.ua

500 мыңға жуық отбасы қамтылған.

Жыл басынан бері орта есеппен 487,6 мың көп балалы отбасыға 27 млрд теңге көлемінде мемлекеттік жәрдемақы төленген, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

«Аталған мемлекеттік жәрдемақыға 4 және одан да көп бірге тұратын кәмелетке толмаған немесе 23 жасқа дейінгі күндізгі бөлімде оқитын студент балалары бар отбасылар табысына қарамастан үміткер бола алады», - делінген Еңбекминінің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Төлем мөлшері балалардың санына байланысты сараланып төленеді және 2022 жылы 49 100 теңгені (4 бала), 61 383 теңгені (5 бала), 73 666 (6 бала) теңгені, 85 948 теңгені (7 бала), 8 балаға – 98 016 теңгені, 9 балаға – 110 268 теңгені, 10 балаға – 122 520 теңгені, 11 балаға – 134 772 теңгені, 12 балаға – 147 024 теңгені, 13 балаға – 159 276 теңгені, 14 балаға – 171 528 теңгені, 15 балаға – 183 780 теңгені, 16 балаға – 196 032 теңгені немесе әр балаға 12 252 теңгені құрайды.

Еске сала кетейік, көп балалы отбасыларға олардың кірістерін есепке алмай берілетін мемлекеттік жәрдемақы Қазақстанда 2020 жылдың 1 қаңтарынан бастап атаулы әлеуметтік көмек көрсетудің жаңа тетіктерінде көзделген табысы аз және көп балалы отбасыларды қолдаудың үш негізгі бағыты шеңберінде енгізілген болатын.