Колледж бітіргендерге құзыреттілік картасы қоса беріледі

Колледж бітіргендерге құзыреттілік картасы қоса беріледі
Сурет: Inbusiness.kz

Бұл туралы Оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шолпан Каринова мәлім етті.

Енді колледж бітірген түлектерге дипломмен қоса, олардың мамандығы бойынша жұмыс істеу қабілетін куәландыратын қосымша құжат беріледі., деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz

«Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша колледждерге академиялық дербестік берілді. Еңбек нарығының жылдам дамуын ескерсек, аталған шара білім беру бағдарламаларының мазмұнын уақтылы жаңартуға мүмкіндік береді. Осылайша, еліміздің колледждері жұмыс берушілермен бірлесіп, білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқу мерзімін дербес айқындауға мүмкіндік алды. Бұл еңбек нарығының талаптарына сәйкес келеді», - деді Шолпан Каринова.

Оның айтуынша, жұмысқа орналасуда жас маманның дағдылық және біліктілік деңгейі маңызды.

«Болашақта колледж түлектеріне дипломға қосымша құжат ретінде құзыреттілік картасы беріледі. Аталған қосымша құжат жас түлектің кәсіптік даярлығы және мамандығы бойынша еңбек функцияларын орындау деңгейін меңгеруін көрсетеді», - дейді ол.