Күй төресі Қазанғап

Күй төресі Қазанғап
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Алматыда 1 ақпан күні «Күй төресі Қазанғап» атты монографиялық еңбектің тұсаукесері өтеді.

Іс-шараны кітап авторлары Абдулхамит және Сайра Райымбергеновтер ұйымдастырады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Тұсаукесерге халық күйшісі Жұмабай Жансүгіров, техника ғылымдарының кандидаты, халық күйшісі Алтынбек Үмбетов, күйші Асылбек Кенегесов, халық күйшісі Рүстембек Сейітов, халықаралық және республикалық сайыстардың жүлдегері Жайлау Асылханов қатысады. 

 Жинақ архивтік және 1962-2021 жылдар аралығындағы фольклорлық экспедиция кезінде түсірілген құнды фотосуреттермен (600-ге жуық) безендірілген. Сонымен қатар, жинақта Қазанғаптың дәстүрлі күйшілік мектебінің XIX-XX ғасыр аралығындағы төрт ұрпаққа созылған 74 шәкіртінің өмірбаянымен қоса, олардың Қазанғап мұрасын тарихта қалдыруға сіңірген еңбектері жайлы баяндалады.

Алғаш рет кітапта Қазанғап бабамыздың шығармалары (79 күйі) және оның күйлерін жеткізген тікелей шәкірттерінің бұрын-соңды жарық көрмеген аса құнды үнтаспалары мен бейнекөріністері (120-дан астам фильмдер)  QR-код арқылы беріліп отыр.

Қазақтың өнертану ғылымында халық композиторларына арналған мұндай еңбек интерактивті кітап ретінде елімізде алғаш жарияланып отыр. Жинақ үш томнан тұрады. «Күй төресі Қазанғап», «Властитель кюев Казангап» (орысша)  және «Қазанғап. Күйлер» (ноталары).