«ҚЫЗҒАЛДАҚ»

«ҚЫЗҒАЛДАҚ»
Cурет: Almaty-akshamy.kz

Балалар жылы аясында Алматының Орталық мәдениет және демалыс саябағында ашық аспан астында гүлдер фестивалі өтті.

«Қызғалдақ» фестивалі – Алатаудың баурайы Алматыны қызғалдақтың «тарихи отаны» ретінде таныту және әртүрлі мәдени фестивальдар орталығына айналған сүйікті қаламыздың мәдени имиджін көтеру мақсатындағы ауқымды жоба. Сонымен қатар, көрме өскелең ұрпақтың өз қаласына деген сүйіспеншілігі мен патриоттық сезімдерін арттыруға, жастар шығармашылығын дамытуға бағытталған.

Фестиваль Орталық мәдениет және демалыс саябағының сахна айналасында өтті. Мерекелік шара- ға келген қонақтар мен көрермен- дердің көңіл күйін көтеру үшін сахна фестиваль тақырыбына қарай көктем стилінде безендіріліп, үлкен қызғалдақ пішіндерімен көркемделді. Саябақта қыдырып жүрген кездейсоқ адамдарды да, фестивалге арнайы келген қала тұрғындарын да әсем әуен мен сах- наны айнала қойылған суретші- лердің туындылары қарсы алды.

– Қызғалдақтың тарихи отаны саналатын алпауыт мекен Алматы қаласында «Қызғалдақ» фестивалін өткізу – біз үшін міндет. Бұл шаһа- рымызда тұңғыш рет өткізіліп жатқан ауқымды жоба. Фестивальде 4 аталым бойынша байқау өтіп жатыр. Барлығы 400-ден ас- там өнерпаз қатысуда. Әу баста қатысушыларға 400 мың көлемінде сыйақы қарастырылған. Алайда байқауға ниет білдірушілердің көп болуына байланысты қосымша 200 мың қарастырылып, жалпы көлемі 600 мың болатын сыйақы жас таланттарға беріледі. Мұндай игі бастамалар арқылы қала жастарын шығармашылық пен өнерге баулығымыз келеді, – деді ұйымдастыру алқасының мүшесі Ақжан Құмар.

Биылғы Балалар жылы аясында алдын ала жарияланған «Мәнерлеп оқу», «Балалар суреттері», «Жас суретші» және «Флорист жұмысы» номинациялары бойынша жалпы көлемі 400-ден астам өтінім түскен. Аталмыш жоба аясындағы байқау Алматы қаласының жоғары және арнаулы білім беру ұйымдарының студенттері мен орта білім беру ұйымдарының оқушылары, сондай-ақ, кәсіби флористер арасында өткізілді. Ақтық кезеңге 225 қатысушы өтіп, кәсіби әділқазылар сараптамасынан кейін мерекелік шара барысында марапатталды.

– Бұл біздің балаларымыз үшін өте ерекше фестиваль болды. Балаларды қолдап, олардың шығармашылық қабілеттерін жетілдіруге, өнерге деген қызығушылығын арттыруға бағытталған мұндай шаралардың өтуі көңіл қуантады. Байқаудың ұйымдастырылу деңгейі де өте жақсы. Осындай игі ісшараны қолға алып, өткізіп жатқан ұйымдастырушыларға алғыс білдіремін, – деп Назым Саламатова есімді ата-ана ағынан жарылды.

«Мәнерлеп оқу» сайысынан бас жүлдені жеңіп алған жас өнерпаз Мәдина Ерлікқызы да өзінің қуанышын жасырмады:
– Мен Мұқағали атамыздың «Көктем» өлеңін және өз шығармашылығымдағы туындыларды, жалпы алғанда 8 өлең оқыдым. Қаншама талантты балалар қатысқан байқауда өзімді көрсете алғаныма қуаныштымын, – деді ол.

Фестивальдің тағы бір ерекшелігі – «Флорист жұмысы» номинациясына арналған байқаудың республика бойынша алғаш рет өткізілуі болды.
– «Флорист жұмысы» аталған байқауымыз «Қызғалдақ» фестивалі аясында елімізде тұңғыш рет өткізіліп отыр. Бұл үрдісті бірденбір бірінші болып бастап отырған қалалық әкімдіктің «Рухани жаңғыру» орталығы деп айта аламыз. Енді осындай мерекелік шараларды жыл сайын өткізу жоспарда бар, – деді Ақжан Құмар.

Айта кеткен жөн, фестивальге қатысушы флористер сахна жанынан көрме жасап, сұлулыққа қызыққан барлық көрермендердің алдында өздерінің «Көктем» тақырыбындағы гүл шоқтарын жинады. Ашық аспан астындағы «Қызғалдақ» фестиваліне аталған номинациялардан бөлек, бірқатар шығармашылық өнер шеберлері де қатысты. Атап айтқанда, сәндік қолданбалы өнер, тігін шеберлері, мүмкіндігі шектеулі ерекше та- лантты балалар өз жұмыстарын көпшілікке паш етуге мүмкіндік алды. Аталған таланттардың шалқар шабытына шектеу қоймай қолдау көрсетіліп, еңбектерін бағалап, арнайы сыйлықтар табысталды. Олардың қолынан шыққан туындылар сахна алаңын қоршай, көрме ретінде қойылды. Барлық фестивальге келген көрермендер жас өнерпаздардың суреттерін, қолөнер туындыларын тамашалай алды. Сондай-ақ, шара қонақтары үшін «Қызғалдақ фестивалі – 2022» жазуы орнатылған фотозона жасалды.

Жас өнерпаздар мен байқауға қатысушылар марапатталған соң, ашық аспан астындағы «Қызғалдақ» фестивалі Гала-концертке ұласты. Көрермендерге арналған мерекелік бағдарламада ұлттық нақыштағы би де, заманауи жанды дауыстағы ән де, сахнада тұрып сурет салу өнері де, кішігірім сахналық қойылымдар да болды. Концерт барысында байқау жеңімпаздары да өз өнерлерін көрсетті: өлең оқып, осы шараға арнайы жазылған әндерін орындады.

Көрмеге қойылған жұмыстар фестивальге ерекше сән бергені сөзсіз. Шығармашылық туындылардың ішінде қарапайым қаламнан бастап суретшілердің арнайы бояуымен салынған суреттер және сәндік қолданбалы өнерде қолданылатын материалдан жасалған еңбектер де болды. Фестиваль тақырыбы «Қызғалдақ» болған соң, барлық қатысушылар өз туындыларында көктем бейнесін, әсем гүлдердің образын көрсетуге тырысқан. Жас суретшілердің жұмыстарында қызылды-жасыл гүл суреттерінің көп екені бірден көзге түседі. Алайда, шығармашылық туындылардың ішінде өзгеден ерек айрықша тұрған суреттер де болды. Сондай жұмыстардың бірі ретінде 12 жасар Алим Дивазовтың «Ғарыш қызғалдақтары» деп аталған суретін айтуға болады. Қылқалам шебері ғарыш кеңістігінде сан мыңдаған жұлдыздар мен планеталардың арасында қалқып жүрген қызғалдақты салу арқылы көктемнің тылсым, сиқырлы бейнесін жеткізген. Ерекше туындылардың қатарында 15 жасар Гүлмира Доскенованың «Көктем сұлулығы» суретін айтпай кетуге болмайды. Жас суретші қызғалдақ толы тау бөктерінде тұрған, басында сорабасы бар (қыздар киетін тақия тәріздес баскиім) қазақ қызын өте шебер бейнелеген. Одан бөлек, қызғалдақ толған далада вальс билеген ғашықтардың суреті, Алматының сұлу ғимараттарын қоршай өскен гүл суреттері және өзге де туындылар көрмеге көрік берді.

• тақырыпқа орай

Қазақы стильдегі гүл шоқтары

«Қызғалдақ» фестивалінің «Флорист жұмысы» байқауына қатысушылардың бірі Гүлзада Тымбаевадан флорист жұмысының қырысыры туралы сұраған едік. Қысқаша сұхбатты назарларыңызға ұсынамыз.

– Фестиваль мен байқаудан қандай әсер алдыңыз?
– Алматыда өте керемет мерекелік шара өтуде. Айналадағы адамдардың барлығы шаттанып, көңілді жүр. Нағыз көктемнің лебі сезіледі. Бүгінгі байқауға қатысу үшін мен арнайы Гвардейский қаласынан келдім. Фестиваль аясында әскери қаланың атынан шыққаныма қуаныштымын.

– Байқауға сіз қандай гүл шоғын ұсынасыз?
– Алматы үлкен қала болған соң, бұл жерде еуропалық стильде безендірілген үлкен гүл шоқтары танымал. Ол бүгінгі сайыста да байқалады. Сондай-ақ, флорист мамандығында негізінен орыс не өзге ұлт өкілдері жұмыс істейді. Шебер қазақ флористерін сирек кездестіресіз. Сондықтан нарықта қазақы стильдегі гүл шоқтарын көре бермейміз. Осы себепті, «Флорист жұмысы» номинациясына мен қазақтың ою-өрнектерімен әрленген гүл шоқтарын ұсынамын. Өз жұмысымда көктем белгісі ретінде қабылданатын гүлдерді – қызғалдақ, альстромерия және хризантеманы қолдандым. Шараға қатысып жатқан жастарға осы туындымды көрсету арқылы, қазақы стильдегі гүл шоқтарын танымал еткім келеді. Өзіміздің сұлулығымыз барда неге оны өзгеден іздейміз?

– Флорист мамандығына қалай келдіңіз?
– Гвардейский әскери қала болған соң, ол жерде гүл де, гүл сататын дүкендер де болған жоқ. Әскери адамдар анда-мында еркін шыға алмайды. Сондықтан жұбайым екеуміз қалада бірінші болып гүл дүкенін ашайық деп шештік. Ол үшін мен арнайы флорист мамандығы бойынша оқу оқып, тәжірибе алдым. Бүгінгі күні жұмыс істеп жатқанымызға 3 жыл болды. Алматыда да екінші гүл дүкенімізді аштық. Алматы тұрғындары мейлінше үлкен гүл шоқтарын жақсы көреді, ал әскери адамдар гүлдің шағын, жинақы болғанын қалайды.

– Көктемгі кезде қандай гүл шоқтары сұранысқа ие?
– Маусымы қысқа болғандықтан, көктемнің басында қызғалдақ жоғары сұранысқа ие болады. Одан кейін альстромерия және хризантеманы айтуға болады. Ал роза гүлінің қай кезде де трендтен түспейтіні белгілі ғой.

– Гүлзада ханым, сұхбаттасқаныңыз үшін көп рахмет. Байқау мен алдағы бастамаларыңызға сәттілік тілейміз!

Сұхбаттасқан Досбол АТАЖАН