Кітап оқып жүрсіз бе?

Кітап оқып жүрсіз бе?
Сурет: Shkolazhizni.ru

Кітаптың біз мән бермейтін пайдалы тұстары

«Көп жасаған білмейді, көп оқыған біледі» деген қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтың сөзі бар. Бүгін кітап оқу жайлы аз-кем сөз қозғамақшымыз.

Кітап оқудың, одан алатын пайдалы ілімнің адам өміріндегі маңызын айта тұра, біле тұра, кейінгі кездері кітапқа үңілетіндер қатары сиреп кеткендей.  Бала күнімізде ата-анамыз жас күндерінен кітап оқып жарысатындарын, қолда жоқ кітаптарды бір-бірінен сұрап алып оқитын кездерін айтып отыратын. Бір кездері бұл үрдіс адамдардың жаппай хоббиіне де айналған болар. Қазір кітап оқитындар жоқ деп үзілді-кесілді айтуға болмас, дегенмен, бос уақытын кітапқа арнайтын адамдар «Қызыл кітапқа» енгізілгендей сиреп кетті. Бірақ, қай заманда да кітап оқу сәннен қалмайды. Ежелгі заманнан бері кітап – білімнің бастауы ғана емес, өмірдің, көптеген пайдалы дүниелердің сарқылмайтын көзі. Адам кітап оқу арқылы көптеген құпияларды ашып, өзін де тәрбиелей алады.

Кітаптан бас алмай оқитын адаммен сөйлесе қалсаң, олардың өздері жасап алған керемет әлемі бар ма деп қаласың. Кітап оқымайтындарды түсіне алмайтын адамдар бар. Олар – нағыз кітап кеміргіштер. Кітап дұрыс ойлауды және жасалған әрекеттерді қайта ой елегінен өткізуге үйретеді. Кітапты жанына серік етіп өскен үлкендер жағы «жастар неге кітап оқымайды?» деп бастарын қатырып жатады. Жоғары ақпараттық технологиялар дамыған заманда ақпарат ағыны минут сайын жаңарып жатқанда, жастарды да айыптай алмайсыз. Себебі, жата-жастана оқымаса да, технологиялар заманында көштен қалмай, жаңа шыққан аспап, техология, техниканың бәрін меңгеріп жатыр. Көшке ілесем деп жүргенде кітап оқу да кенжелеп қалып жатқан болар. Оқу – сән ғана емес, жанға жағымды әрі пайдалы әдет. Кітап оқудың пайдасына бірнеше аргументтер келтіре кетсек:

  • Әдебиетті жиі оқитын балалар мен жасөспірімдердің IQ бұл іспен шұғылданбайтындарға қарағанда әлдеқайда жоғары болады екен.
  • Оқу бізді сұлуландырады.
  • Көп оқитын адам кез келген адаммен сөзі жарасып кетеді. Ал оқымайтын адамдар өзі сияқтылармен ғана араласады.
  • Көп оқитын адам ұзағырақ өмір сүреді.
  • Көп оқитын адам оқымайтын адамдарды басқарады.
  • Көп оқитын адамдарды амал-айламен алдау қиын.
  • Оқу - сауаттың артуына себепші.
  • Оқу тыныштандырады, күйзелістен арылуға көмектеседі.

Уақытты кітап оқу арқылы өткізуге қатысты қазықты фактілер де жетерлік. Мүмкін олар кітап оқуға деген ойыңызға әсер етіп қалар:

  • Орыс жазушысы Максим Горький минутына 4000 сөзді жылдам оқыған.
  • Америкалық өнертапқыш Томас Эдисон бірден 2-3 жолды оқыса керек, барынша ойын жинақтаудың арқасында мәтіндерді парақтармен есінде сақтаған.
  • Француз жазушысы Оноре де Бальзак жарты сағатта романның 200 бетін оқитын болған.
  • Наполеон минутына 2000 сөзді жылдам оқыған.
  • Сталин күніне 400 бет оқыған және оны оқудың ең аз нормасы деп санаған.

Мүмкін осылай оқымаса, жоғарыда аттары аталған белгілі тұлғалардың есімдері тарихта қалмас па еді? Кітап оқудың пайдасы болмаса, зияны жоқ екені белгілі. Оқудың пайдасы жайлы көп айтылып та, жазылып та жатады.  Егер осы әдетті өзіне пайдалы деп санаған адам болса, күніне қолы қалт еткенде кемінде 30-40 бет оқып қойса, жаман емес. Кітап оқу адамның ой-өрісін кеңейтіп, рухани ақық береді. Ұлтымыздан ойшыл кмеңгерлер мен дана көшбасшылар, оқымысты ғалымдар шықсын десек, алдымен өзімізді кітап оқитын қауымға айналдырайық. Көргенін істейтін өскелең ұрпаққа іспен көрсетсек, олар да білмегенін кітаптан іздейтін оқырман елге айналар....