Қысқы универсиада: Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті

Қысқы универсиада: Қазақстан қоржынына алғашқы алтын медаль түсті
сурет:olympic.kz

Вадим Куралес мәре сызығын бірінші болып қиды.

Қазақстандық биатлоншы Вадим Куралес Лэйк-Плэсид (АҚШ) қаласында өтіп жатқан Қысқы Универсиаданың чемпионы атанды, деп хабарлайды Аlmaty-akshamy.kz ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Вадим Куралес 15 шақырым қашықтықта жекелей сында мәре сызығын бірінші болып қиды.

Жарыс жолына 16-ыншы болып шыққан Вадим нысана көздеуден бір рет қана (0+1+0+0) мүлт кетіп, 42:37.4 минут нәтиже көрсетті.

Норвегиялық биатлоншы Эрьян Мосенг қазақстандықтан 42,6 секундқа қалып қойып, екінші орынға ие болды. Франциялық Аксель Гарнье (+1:16.5) үздік үштікті түйіндеді.

Қазақстандықтардан бүгін сондай-ақ Александр Мухин, Кирилл Бауэр және Бекентай Тұрлыбеков осы қашықтықта сынға түскенімен, олар жүлдеге іліге алмады.

Осылайша, Қазақстан қоржынына алғашқы жүлде – алтын медаль түсті.