Қазақ-қырғыз су мәселесінде келісімге келді

Қазақ-қырғыз су мәселесінде келісімге келді
Сурет: ашық дерекөз

Қазақстан мен Қырғызстан Жамбыл облысының суармалы жеріне су беру туралы келісімге келді. Бішкекте өткен кездесуде Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов келісімге келді, деп хабарлайды almaty-akshamy.kz

Келіссөз нәтижесінде Талас өзеніндегі «Түйте» каналы арқылы су беруді қалпына келтіру бойынша жұмыс жүргізу туралы шешім қабылданды. 

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітовтің Қырғыз елі Ауыл шаруашылық министрі Асқарбек Жәнібековпен кездесуі кезінде Шу және Талас өзендеріндегі (мемлекетаралық пайдаланудағы) су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі бірлескен Комиссияға тапсырма берілді. 

 Сондай-ақ, Нұржан Нұржігітов елімізге су жіберуді жақсарту үшін мемлекетаралық пайдаланудағы су шаруашылығы нысаны тізбесін кеңейту қажеттігін атап өтті. 

Мәселен, біздің тарап осы тізбеге Күркіресу өзеніндегі «Ақмолда», «Қаратақы» және «Төментамға» арналарын, Шу өзеніндегі «Колос» каналын, Талас өзеніндегі «Кож» каналын енгізуді ұсынады. 

 Шу және Талас өзендерінде су шаруашылығы құрылыстарын пайдалану жөніндегі бірлескен Комиссияның келесі отырысы 14 желтоқсанда Алматыда өтеді. 

 Бұған дейін Нұржан Нұржігітов өзбекстандық әріптестерімен кездесіп, 1 сәуірге дейін Түркістан және Қызылорда облыстарына 11,1 текше шақырым су, оның ішінде Арал теңізіне 1,6 млрд текше метр су жіберу туралы келісімге келген болатын.