Ауғанстанда әйелдерге саябақтарда серуендеуге тыйым салынды

Ауғанстанда әйелдерге саябақтарда серуендеуге тыйым салынды
Сурет: Vlast.kz

Аталған ережелер бүкіл елде қолданылады.

Билікке келген "Талибан" қозғалысы тиісті қатаң жарлық шығарды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Inbusiness.kz cілтеме жасап. 

Қатаң шектеулерге байланысты әйелдерге бұдан былай Кабулдағы саябақтарға баруға тыйым салынды.

Осыған дейін әйелдерге ел астанасында орналасқан бассейндер мен спорт залдарға баруға тыйым салынған болатын. Аталған ережелер бүкіл елде қолданылады деп күтіліп отырған көрінеді.

Талибан жаңа шектеулер енгізген сайын ауған әйелдері мен қыздарын бұдан әрі не болуы мүмкін деген сауал алаңдатады.

Кейбірі бұл шаралар елдің көп бөлігіне әсер етпейді дейді.

"Талибан келгенге дейін орта мектепті аяқтағаныма қуанамын. Бірақ енді университеттердің есігі әйелдер үшін де жабық болуы мүмкін деп қорқамын. Ондай болған күні армандарымның күл-талқаны шығады", - деді студент қыздардың бірі.

Белсенді Лейла Басим әйелдерге қатысты шектеулер туралы өз ойын білдірді.

"Біз айырылып қалған еркіндік туралы ойлайтын болсам, көңіліме қаяу түседі. Өзге елдер Марсты игеріп жатқанда, біз әлі де негізгі құқықтар үшін күресудеміз", - деді ол.

Айта кету керек, талибтер Ауғанстанның билігін 2021 жылдың тамыз айында басып алған болатын.