Киноға конкурс жарияланды

Киноға конкурс жарияланды
Сурет: Ұлттық киноны қолдау орталығы

Ұлттық киноны қолдау орталығы 2024 жылғы ұлттық фильмдер деп танылуға үмітті киножобаларды іріктеу конкурсын жариялайды.⠀

Киножобаларды іріктеу екі кезеңде жүзеге асады. Бірінші кезең – фильмдердің сценарийін немесе сценарий жоспарларын қарау. Екінші кезеңде тақырыптық жоспарға сай келетін, сараптама кеңесі іріктеген жобалардың құжаттарын жинақтау жүзеге асырылады, деп хабарлайды аlmaty-akshamy.kz. 

Конкурстық іріктеудің бірінші кезеңіне қатысу үшін үміткерлер Орталыққа электронды түрде сценарийлерді қарауға өтінімді, PDF форматында сценарийлерді, жеке басын куәландыратын құжаттардың көшірмесі мен авторлық шартты, өтініш беруші мен сценарий немесе сценарий жоспарының авторы арасындағы алдын ала шартты жіберуі қажет. Өтініш беруші фильмнің әр түрі, ойын фильмі, анимациялық фильм, деректі-хроникалы фильмдер бойынша тек 2 сценарий ұсына алады.

Құжаттар орталық сайтындағы https://kazakhcinema.kz/kz/konkurs_2024 сілтемесі арқылы 12 сәуір мен 18 сәуір күндері, сағат 18:00 дейін қабылданады.

Орталық құжаттарды қабылдау аяқталғаннан кейін өтініш берушілер ұсынған құжаттарды Сараптама кеңесінің қарауына енгізеді.

Айта кетейік, конкурстық іріктеуге қатысу құқығына ие болу үшін үміткерлердің салық берешегінің болмауы, банкроттық рәсімге тартылмауы маңызды.