Қымыз құйғыш «Асылбек»

Қымыз құйғыш «Асылбек»
Сурет: Aptamedia.kz

Қазақстандық оқушы қымыз құятын робот ойлап тапты.

Ұлттық сусынды ұсынатын робот «Асылбек» деп аталады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Оtyrar.kz-ке сілтеме жасап.

Түркістан облысы, Төле би ауданы, Ш.Уәлиханов атындағы №2 жалпы орта мектебінің 9-сынып оқушысы Жансұлтан Төребек қымыз құятын робот жасап шығарды.

Жансұлтанға роботты жасап шығуға информатика пәнінің мұғалімі көмектескен.

Кез келген адам роботқа арнайы пластикалық картаны жақындату арқылы «Асылбекті» сөйлете алады. Содан кейін робот қымыздың шипалы қасиеті туралы қысқаша мағлұмат береді. Осыдан соң ғана ол ыдысқа шөл басатын пайдалы сусынды құяды.

«Роботтардың түрлеріне, жұмыс істеу принциптеріне қызығушылығым бұрыннан бар болатын. Мұндай робот құрастыру идеясы мектебімізде өткен информатика пәні апталығында ұйымдастырылған роботтар көрмесі кезінде туды. «Асылбек» роботын жасау туралы ойыммен алдымен мұғалімім Лаура апаймен бөлістім. Ол идеямды қолдап, құрастыруда көмектесетінін айтты», - дейді Жансұлтан.

Оның пікірінше, робот оқушылардың робототехникаға деген қызығушылығын арттырып қана қоймай, емдік қасиетке ие қымыз арқылы жастардың арасында салауатты өмір салтын дәріптейді.

«Ұлттық сусынымызды насихаттайтын болғандықтан, «Асылбектің» ұлттық киімде болғаны дұрыс деп шештік», – деп атап өтті 9-сынып оқушысы.

Жансұлтанның қымыз құятын робот жобасы аудандық және облыстық ғылыми жобалар байқауында жүлделі болды.