Киберқылмыс жасады деген күдікпен бір топ ұсталды

Киберқылмыс  жасады деген күдікпен бір топ ұсталды
Сурет: Рolitics

Олар - Қазақстан мен Ресей азаматтары.

Полицейлер интернет-алаяқтық жасады деген күдікке ілінген 15 адамнан тұратын қылмыс тобын ұстады, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz Polisia.kz сайтына сілтеме жасап.

13-22 маусым аралығында пәтерін сатқан Алматы тұрғыны алаяқтар айласына түсіп қалды. Ол сатылымнан түскен 23 миллион теңгені бірнеше траншпен алаяқтардың есепшотына аударған. Жәбірленуші 24 маусымда құқық қорғау органдарына жүгінген.

Алматы қаласы ПД Алмалы ауданы полиция басқармасының дерегіне сәйкес, ҚР ҚК 190-бабы 4-бөлігінде («Аса ірі мөлшердегі алаяқтық») көзделген қылмыстық құқық бұзушылық құрамының белгілері бойынша соталды тергеу басталды.

Сол күні тергеліп жатқан іс аясында ІІМ Криминалдық полиция департаменті мен Алматы ПД тәжірибелі қызметкерлерінен арнайы жедел-тергеу тобы құрылды. Жедел іздестіру және тергеу іс-шарасы барысында Қазақстанның түрлі қаласында тұратын жалған тұлғаларға рәсімделген 10-ға жуық банк картасы пайдаланылғаны анықталды.

ҚР ІІМ Киберқылмыспен күрес басқармасы жедел қызметкерлері Павлодар облысы және Алматыдағы әріптестерімен бірлесіп, 15 адамнан тұратын қылмыс тобын ұстады. Олар интернет желісінде алаяқтық жасады деген күдікке ілініп, тұтқындалды.

Қазір топ мүшелері интернеттегі алаяқтықтың алты эпизодына қатысы болуы мүмкін екені анықталды, келтірген залал құны 106 миллион теңгеден асады.