Алматы облысы короновирус жұқтыру көрсеткіші бойынша республикада үшінші орынға көтерілді

Алматы облысы короновирус жұқтыру көрсеткіші бойынша республикада үшінші орынға көтерілді
Сурет: Egemen.kz

Облыста эпидемиологиялық ахуал күрделіленіп келеді.

Оған соңғы тәулікте өңірдегі 24 тұрғыннан «COVID-19» ауруының белгілері анықталуы себеп болған. Сөйтіп, аймақ эпидемиологиялық ахуалдың күрделіленуі жағынан Нұр-Cұлтан және Алматы қаласынан кейінгі сатыға орналасты, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz 

Індет, әсіресе, Қарасай ауданында өршіп тұр. Онда бір күнде 16 адамның сырқаттанғаны белгілі болды. Одан кейінгі тізімде Балқаш және Іле, Талғар аудандары тұр. Облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің мәліметінше науқастардың 36 проценті 14 жасқа дейінгі балалар. Қалғаны ересек адамдар. 

«Соңғы екі аптамен салыстырғанда, Алматы облысында отыз жағдайдан 119 жағдайға дейін өсіп отыр. Сырқаттанғандардың қырық пайызға жуығы вакцинаның екі курсын алғаннан кейін қайта ревакцинация курсына бармағандар немесе мүлде екпе алмағандар болып отыр», - деді облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің баспасөз хатшысы Әлия Шағиахмет.