Халықаралық заң нормалары реттелуі тиіс

Халықаралық заң нормалары реттелуі тиіс
kleo.ru

Қарагөз СҮЛЕЙМЕНОВА, «Алматы әуендері» КМҚК-нің әншісі, тележүргізуші:

- Қазақ елі мен Қытай арасындағы визасыз тәртіппен қарым-қатынас енгізілуіне қатысты айтарым, алдымен туризмді дамытуға мән берілуі керек. Бұл жағдай еліміз экономикалық дағдарысқа ұшырамаса да, қажеттілік. Алайда, бұл мәселе халықаралық заң нормаларымен реттелуі тиіс. Сонда ғана барыс-келіс баянды, экономикалық қарым-қатынас қарқынды болады деп ойлаймын.

Қалай болғанда да, қытайлық тауар тасымалдаушылар жергілікті, отандық кәсіпкердің өнімін ығыстырып тастамауы тиіс. Алаш қайраткерлерінің өзі қытайлықтардың саудамен жаулап алатын қаупін баса айтқанын қалайша ескермеске? Бұл мемлекетаралық келісіммен жүзеге асатын шаруа болса-дағы,  қазағымыздың ұлттық санасына, салт-дәстүрімізге нұқсан келмеуі керек.

Сол Қытайдың өзіне не Ресейге барсаң, сол елдің заң нормалары алдыңнан қарсы алып, сан алуан шектеу шыға келетіні рас. Біздің елдің талабы да сондай болуы қажет. Әлеуметтік желідегі пікірлердің бәрі бірдей негізсіз еместігі осындайда ойға оралады. «Халық айтса, қалт айтпайды» деген бекер болмағаны.

Ел-жұрттың қауіп етер тұсы да баршылық. Сол жағдай ерекше ескеріліп, қарым-қатынастың заңдылығы қадағалануы қажет. Ұлан-ғайыр жеріміздің амандығы маңызды. Ертеректе қытай қытайдан: «Тамақ жедің бе?» деп сұрайды екен. Астарлы мәнісі бар. Сол себептен, аса сақтықпен дипломатиялық бай тәжірибеге сүйенер шақ келді деп санаймын.