Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті

Халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференция өтті
Сурет: Қайрат Қоныспаев

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде ҚР Президентінің БАҚ саласындағы сыйлығының лауреаты, Мемлекеттік «Дарын» жастар сыйлығы мен Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының иегері, ҚР Мәдениет қайраткері, философия ғылымының кандидаты, «Шалқар» радиосының директоры Болатбек Төлепбергеннің 50 жылдық мерейтойына арналған  «Тұрақты даму мақсаттары аясындағы журналистика және баспа ісі: дәстүр мен жаңашылдық» атты халықаралық  ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

Жиынның ашылу салтанатында ҚР Президентінің кеңесшісі Мәлік Отарбаев мерейтой иегерін Президенттің Алғыс хатымен, ҚазҰУ-нің проректоры Ләззат Қалымбекқызы қазақ журналистикасына сіңірген еңбегі үшін  университеттің “Ерен еңбегі” төсбелгісімен марапаттады.

Ғылыми жиынға ақын-жазушылар, БАҚ басшылары мен өкілдері, ғалымдар, зиялы қауым өкілдері қатысып, дәстүрлі журналистика мен саладағы жаңашылдық турасында баяндама жасады.

Конференцияда Болатбек Төлепбергеннің “Алаң жұрт”, “Ұлттық идея - ұлттық медиа тұғыры” атты кітаптары мен жинақтың тұсауы кесілді. Жинаққа осы уақытқа дейінгі шығармашылығы және саясаткерлер мен жазушылардың  Болатбек Төлепберген туралы жазғандары топтастырылған. Конференцияда қазіргі баспа ісі мәселелері де жан-жақты қозғалды.

“Азаттық аңсаған” деректі хикаятымда репрессия уақытындағы бір әулеттің тағдыры суреттеледі. Қазақстандағы ұлттық идеяның  рухани адамгершілік негіздері деген тұрғыда жазылған дүние. Ұлттық идея 90-жылдардан бастап маңызды тақырыптардың бірі болды. Әлі күнге дейін Қазақстанда ұлттық идея бар ма, қандай мәселелерден тамыр тарту керек деген нәрсе өзектілігін жойған жоқ”,- дейді Болатбек Төлепберген.

 Тақырыпқа орай

 Пернебай Дүйсенбин, халықаралық “Алаш” әдеби сыйлығының иегері, жазушы:

 Сан қырлы тұлға

Болатбек мектепте өте жақсы оқыды. Басқа оқушылардан мінезімен де, тұлғасымен де ерекшеленіп тұратын. Сол кездің өзінде облыстық, республикалық газеттерде мақалалары жарияланды. Алғашқы әңгімесі республикалық “Ақ желкен” журналында басылды. Қазақ университетіне оқуға түскеннен кейін, Қазақстан Жазушылар Одағы мен «Атамұра» корпорациясының жазушы Оралхан Бөкей атындағы стипендиясының тұңғыш иегері атанды. Жазғанда тілі көркем, жан-жақты қасиетімен көптің көзіне түсті. Ол - әдебиетші, жазушы, журналист, философ, алаштанушы. Осындай тұлға менің шәкіртім болғанын мақтан тұтатынмын.