Финалға шыққан қазақтың бес қызының бәрі Азия чемпионатында алтын алды

Финалға шыққан қазақтың бес қызының бәрі  Азия чемпионатында алтын алды
Сурет: Inform.kz

Астана қаласында бокстан жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық қыздар бүгін бес алтын алды.

Жастар арасында финалға шыққан бес қазақстандық боксшының бәрі де жеңімпаз атанды, деп хабарлайды Almaty-akshamy.kz.

Алдымен 50 келіге дейінгі салмақта Элянур Тұрғанова үндістандық Аншудан жеңісті жұлып алды.

Ұлжан Сәрсенбек 57 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Муштариубони Иброхимжоноваға үш раунд бойы соққыларын дәл тигізіп, екі мәрте Азия чемпионы атанды.

Әсем Таңатар 63 келіге дейінгі салмақта үндістандық Дипамен тартысты бәсекеде 4:1 есебімен басымдылық танытты.

Бақыт Сейдіш 66 келіге дейінгі салмақта өткен жылы Азияда үздік шыққан еді. Биыл сол табысын қайталап, соңғы бәсекеде үндістандық Кажалға еш мүмкіндік қалдырған жоқ.

Шұғыла Нәлібай 75 келіге дейінгі салмақта өзбекстандық Санобар Бозорбоеваны алғашқы екі раундта-ақ үш рет нокдаунға жіберіп, айқын басымдылықпен жеңді.

Осылайша, жасөспірімдерді қосқанда, Қазақстан қоржынына 11 алтын медаль түсті.

Енді бәсекені жас жігіттеріміз жалғастырады.

Еске сала кетейік, бұдан бұрын бокстан Азия чемпионатында  алты боксшымыз топ жарғанын хабарлаған болатынбыз.