Қазақтың аса қауіпті жеті амалының  бірі

Қазақтың аса қауіпті жеті амалының  бірі
almaty-akshamy.kz

«Киіктің матауы» қазақтың аса қауіпті жеті амалының  бірі. Адуынды аязы, бұрқасынды  бораны бар...

Өткен жолғы пайымымызда жазғанымыздай, 7–14 желтоқсан аралығында алматылықтар бір күн қар, бір күн жаңбырдан көз ашпады. Әсіресе, желдінің (желтоқсанның) 8-9-ы аралығында толассыз жауған қар қалалықтардың есінде ұзақ сақталатын шығар. Қалыңдығы 20–25 сантиметр ақ ұлпа қала көшелерін, ағаштарды түгел жауып,  бүркеп тастады. Алдында жауған жаңбырмен араласып, соңы көк мұз бен ызғарға айналды. Біраздан бері қалың қар болмағандықтан әрі жылылыққа бойы үйреніп қалған алматылықтарды сол ызғар бүрсең қаққызды.

Осы айдың 20-сынан Сірне амалы табалдырықтан аттады. Ол желдінің (желтоқсанның)  25-іне дейін жалғасады. Өткен жолы сөз еткен «Киіктің матауы» (бұрқағы)  амалы да жүріп жатыр. Ол желтоқсанның 29-ына дейін созылады. Желтоқсанның соңғы онкүндігінде қазақ даласын қамтыған боранды бұрқасын киіктердің шағылысу әрекетіне орай «теке бұрқылдақ» амалы деп те аталған.

Желтоқсан жайында ел аузында жүрген түрлі деректер, алыпқашпа сөздер бар. Желтоқсан жыл мезгілінің соңғы, қыстың алғашқы айы. Бұрынғы бабалар желтоқсанды «жел айы», «тоқсан айы» деп атаған. Ал қазір желтоқсанды «мандарин айы» деп атаушылар да жоқ емес. Дәл осы айда әлемнің көптеген еліне Марокко мемлекетінен соңғы піскен мандариннің жаңа легі жөнелтіледі. Сауда министрі Арман Шаққалиев Астанада өткен брифингте «Жаңа жыл қарсаңында азық-түлік қымбаттай ма?» деген сұраққа жауап бере келіп, «...Жаңа жылдық қоржынға қатысты дастарханның баға индексіне сай белгілі бір болжам бар. Біз шартты түрде 37-ге жуық тауарды алдық. Кейбір позицияда белгілі бір өзгеріс бар. Мысалы, жұмсақ қаптамадағы сүт, мандарин, шампан сияқты», – деді министр (Zakon.kz.).

Қазаққа Тәуелсіздікті әкелген де дәл осы желтоқсан. Енді бір күннен кейін, желтоқсанның 22-сіне  күн мен түн теңеледі. Мұны қысқы тоқырау дейді. Жылдың ең қысқа күні бұл. Осыдан бастап күн ұзара бастайды. Бабалар «енді жарық молаяды, өріс ұлғаяды, көген кеңейеді» деп бөріктерін аспанға атып қуанған...

Осы орайда, маусымдық күн ұзақтығы мен теңелу және тоқырау күндерін оқырманның есіне сала кетпекпін. Көктем 92,8 күн, жаз 93,6 күн, күз 89,8 күн, қыс 89 күн (кібісе жылдары 90).

21 наурыз – күн мен түннің жазғытұрғы теңелу күні, 23 қыркүйек – күн мен түннің күзгі теңелу күні.

22 маусым – жазғы тоқырау күні, 22 желтоқсан – қысқы тоқырау күні.

Бүгін григорианша айдың 21-і, ай бойынша, 8-і, ал қазақы есепке сүйенсек, айдың 8-і. Алдағы апта (14–21 желтоқсан аралығы) айдың басы мен соңына сәйкес келіп тұр. Айдың бұл кезеңдері жайбарақат өтпейтіні белгілі. Демек, алдағы аптада ауа райы тұрақсыз болады. Аспан денелерінің білдіруінше, жауын-шашын болғанымен күн айтарлықтай суытпайды, бұрынғы қалпын сақтайды.

 

БАБАЛАР БОЛЖАМЫ

Табиғи көріністер бойынша   жасалған жорамал

Қыста:

*Қыс қатты болатын болса, тиін ұясын төмен жерге, жылы болса, жоғарыға жасайды.

* Күн құлақтанса, қатты аяз болады.

* Түйе ернін жыбырлатып, жылқы мезгіл-мезгіл оқыранса, көктем ерте басталады.

* Киік басқа жаққа ауа бастаса, сол жерде ұзамай қатты боран соғады.

 *Кемпірқосақ көрінсе, жыл берекелі, жайлы, мал төлді, егін, шөп шығымды, қуаныш көп болады.