Қазақстандықтар мемлекет және қоғам ісіне белсене атсалысатын болады

Қазақстандықтар мемлекет және қоғам ісіне белсене атсалысатын болады
Akorda kz

Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ мемлекет боламыз, деді бүгін Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХХІ сессиясында сөз сөйлеген Қасым-Жомарт Тоқаев.

 «Мен бұған дейін айтқанымдай, Жаңа Қазақстан дегеніміз – бұл Әділетті Қазақстан. Әр азаматқа бірдей мүмкіндік беретін әділ әрі дамыған мемлекет боламыз», - деді Президент Ассамблея мүшелеріне арнаған сөзінде.

 Мемлекет басшысы барлық жоспарымызды міндетті түрде жүзеге асыратынымызға кәміл сенетінін айтты.

 «Біз Екінші Республиканы бірге құрамыз, Жаңа Қазақстанды бірге өркендетеміз!», - деді Қ. Тоқаев.

 Мемлекет басшысы ұсынған «Екінші Республика» ұғымы шын мәнісінде, келешегі кемел ел құруды көздейді. Биылғы Жолдауда ұсынылған конституциялық реформалардың саяси мәні де осында – бұл суперпрезиденттіктен президенттік басқару формасына көшу мақсатында «Екінші Республиканың» конституциялануы. «Екінші Республика» моделі - Қазақстанның билік институттарын қалыптастырудың жаңа моделі. Оған сәйкес Президенттің өкілеттігі қысқарып, Парламент пен мәслихаттардың пәрмені артады. Қазақстандықтар мемлекет және қоғам ісіне белсене атсалысатын болады, осылайша, «халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы нығая түседі.

 Сөз соңында Мемлекет басшысы жұртшылықты алда келе жатқан Қазақстан халқының бірлігі күнімен және Ораза айт мерекесімен құттықтады.